Жеті нысан жөнделді
Тәуелсіздік алғаннан бері Қостанай облысы аумағында 138 мәдениет нысаны ашылыпты. Қазіргі таңда тұрғындарға 702 мәдениет ұйымы қызмет көрсетіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов айтты.
Облыста 386 кітапхана, 294 клуб, 10 музей, 4 театр, 4 кинотеатр, 2 мәдениет және демалыс саябағы, филармония, кинобейнеқорды сақтау және пайдалану орталығы жұмыс істейді. Басқарма басшысының айтуынша осы мәдениет нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Биылғы жылы 579,8 млн теңге көлемінде 7 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген.
– Олардың арасында Қостанайдағы 2 кітапхана мен Құсмұрын мәдениет үйі бар. Соңғы 3 жылда мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 743,8 млн теңге қаражат жұмсалды,- деді Ерлан Қалмақов.
Биыл мәдениет басқармасының мұрындық болуымен Қостанай облысының Астана қаласындағы күндері аясында 3 бірдей халық ақындарының шығармашылық кездесуі өткізілді. Сондай-ақ, Алматы қаласында белгілі өнер қайраткерлері Қалибек Деріпсалдиннің және Назымбек Молдахметовтің Құрманғазы оркестрімен бірлескен шығармашылық концерттері ұйымдастырылды. Еске салсақ, бұл шара «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының эфирі арқылы көрермендер назарына ұсынылды. Тағы бір айта кетер жәйт, белгілі ақындар Ақылбек Шаяхметтің, Ғұмар Ахметчиннің, Серік Тұрғынбековтің шығармашылық кештері жоғары дәрежеде өткізілді.
Сурет ғаламтордан алынды