Жаңа атау стеладан басталады
Таран ауданының тұрғындары мен қонақтары аудан орталығына кіреберістегі жаңартылған стела мен «Әйет» деп жазылған ауылдың жаңа атауын байқаған болар. Өңір жұртшылығы бұл жаңалықтан БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы хабардар. Стеладағы әріптер жарықдиодты шамдармен жабдықталған. Тобыл кенті бағытында болса, электр жүйесіне қосуға мүмкіндік болмағандықтан, мұндағы стела қуатты күн батареясынан алады.
Ауыл әкімі Азамат Бердалиновтың айтуынша, осы іспетті технологиялық стела Қостанай облысының бір де бір ауданында жоқ. Жобаны қызылордалық «Жарнама әлемі» мердігер компаниясы жүзеге асырған. Елді мекенге кіреберістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жуырда бұл жерге қосымша бақылау камералары орнатылмақ.
Еске сала кетейік, осыдан тура жарты жыл бұрын Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өткен болатын. Күн тәртібінде Таран ауданының, Таран ауылдық округі мен ауылының атауын өзгерту мәселесі қаралды. Халықтың ұсыныстары мен тілектерін ескерген аудандық мәслихат Таран ауданын «Бейімбет Майлин» деп, ал округ пен ауыл атауларын «Әйет» деп ауыстыру туралы шешім қабылдады. Осыған орай, 2018 жылдың 12 желтоқсанында Қостанай облысы әкімдігі мен Қостанай облыстық мәслихатының бірлескен Қаулысымен Таран ауылы «Әйет» деп өзгертілді. Қаулы 1 қаңтарда заңды күшіне енді. Ал аудан атауын өзгерту туралы мәселе бүгінде ҚР Үкіметінің қарауында жатыр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ