Жол ақысы қымбаттайды
Рудныйда қоғамдық көлікте жүру ақысы 4-шілдеден бастап 45 теңгеден 60 теңгеге қымбаттайды.
Қала әкімдігінің тарифтерді бекіту туралы қаулысы 22 маусымда Қостанай облысының Әділет басқармасында заңды тіркеуден өтті. Айта кетейік, жолаушылардың тасымалдаумен айналысатын «Рудный автотранс» ЖШС өткен жылы да тарифтерді өсірмек болған. Бірақ ол кезде прокуратура органдары серіктестіктің өтінішін негізсіз деп таныды. Міне, арадан бір жыл өткен соң, жолақы құны бірден 15 теңгеге қымбаттап отыр.- Біз соңғы рет 2011 жылы тарифті 10 теңгеге өсірген болатынбыз. Қазір барлығы қымбаттап кеткенін білесіздер. Оның ішінде жанар-жағармайдың, автошиналардың, аккумуляторлар мен қосалқы бөлшектердің бағасы да бір орнында тұрған жоқ. Жұмыс орындарын сақтап қалып, техниканы жаңарту үшін жолақыны қымбаттатуға мәжбүрміз, – дейді автопарк өкілдері.
Дегенмен бұл жерде қарапайым тұрғындардың мүддесін қорғап, олардың жанайқайына құлақ асып жатқан жанды кезіктірмедік. Халықтың басым бөлігі автобустар өте лас және жүру интервалын сақтамайтындығын айтады.
– Қаладағы №4, 13 маршрутты кей кездері 10-15 минуттың орнына сағаттап күтеміз. Әсіресе, қыс мезгілінде аялдамада тұрып үсіп қаламыз. Қостанайдағыдай жайлы да таза автобустар, ақ көйлек пен жейде киген жүргізушілер болса бір бөлек. Аядай ғана қала. Ана шетінен мына шетіне еш кептеліссіз 15-20 минутта жетуге болады. Облыс орталығындағыдай 1 сағаттап жүру жоқ. Неліктен 60 теңге төлеуіміз керек сонда, – дейді ашынған қала тұрғыны Бауыржан Ержанов.
Бұл бұл ма? Автобустардың көбі тариф заңды күшіне енбесе де 20 маусымнан бастап жолақыны 60 теңгеден алып келген. Тұрғындардың талап-арызынан кейін қалалық прокуратура өкілдері «Рудный автотранс» ЖШС басшылығына мәселені тез арада шешу туралы жазбаша өкім жіберді. Қазір жолаушылар жолақыны 45 теңгеден беріп келеді. Бірақ жолақы өскенімен қала автобустарындағы тазалық пен тәртіп мәселесі шешілетіндігіне күмәнмен қараймыз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ