Тар бөлмедегі тағдырлар
"Қостанай қалалық әкімдігі көпбалалы отбасыға уақытша тұруға баспана берді. Енді олар апатты жағдайда тұрған жер үйлерін жөндеп алулары қажет, оған билік көмектесуге дайын", – деп жазады "Наш Костанай" тілшісі. Бірақ неге шаруа мұнымен бітпеді?
Астана қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін ел бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы жаңғыртылғаны белгілі. Соның аясында Қостанай қаласы билігі де көп балалы отбасылардың тұрғын жайларын аралап, жағдайларын бақылауды тоқтатқан жоқ. Олар 6 және 7 ақпанда ескі жер үйде тұрып жатқан апалы-сіңлілі Бекбосыноваларға барды.
Әбден тозығы жеткен, аумағы 50 шаршы метрлік баспана үш бөлікке бөлінген. Мұнда үш отбасы, тұтастай алғанда, 30 адам күнелтеді. Оның үстіне, бұл үй су, газ және әжетханадан мақұрым. Қолдың пешімен жылытылады. Ағаш қолтықтау, көмір шелектеу – олар үшін үйреншікті шаруа.
2014 жылы осы үй 60% апатты деп танылған. Бірақ отбасылар бұл жерден қозғалған жоқ. Қайда барар еді? Өздіктерінше жөндеуге де соқыр тиын артылта алмайды…Тексерістен соң Төтенше жағдай бөлімі мамандары бұл нысаннан тұрғындарды дереу көшіру керектігін дөп басып айтты.
"Үйде қалу қауіпті: кез келген жауын-шашын түссе, төбе ортасына түскелі тұр. Бүгін біз қала әкімімен көмек беру мәселесін талқыладық. Енді бұл отбасыларға жатақханадан үш бөлме беру нақты шешілді. Әрқайсысы – 18 шаршы метрлік. Тұрғын ақылары – бар болғаны 500 теңге. Шектеусіз мерзімге беріліп отыр. Осында жатып, жер үйлерін жөндеп ала алады. Әкімдік техника жағынан көмектеседі: кез келген кран, жүк машиналары – бәрі беріледі, – деп отбасыларды құлақтандырды қалалық әкімдіктің ТЖ жөніндегі бөлімнің жетекшісі Геннадий Колчанов.
Алайда, күтпегеннен іркіс-тартыс пайда болды. Апалы-сіңлілердің бірі Надежда Бекбосынова бұл үйден тапжылғысы жоқ. "Осындай халдегі біз ғана ма?" – деп дүрсе берген ол, кезінде әкімдіктен көмек сұрағанда олардың учаскені тартып алғысы келгенін, сенуден қалғанын айтады. Ал бұл учаскенің меншікті иесі Әлия туысқаны Надеждамен жақтаспады. Ол бұл телімді сатқысы келіп отыр. Сатып алушылар да табылып тұрған көрінеді. Ақшасына жаңа жер үй алғысы келеді. Одан кейін "құдайы көршілерінің" қайда барарына жауап беруді міндетіне алу да жоспарында жоқ екен. "Ересек емессіңдер ме, билік ұсынған жәрдемді пайдаланып, өз беттеріңмен тіршілік қамын ойластырсаңдар қайтеді?" – дейді ол.
Енді ағайындар арасындағы ымырасыздықтың тарқауын күту қалып отыр. Қалайда шешім учаске иесінің қолында. Телімді үйімен қоса өзінде қалдыра ма, әлде бауырларымен бөлісе ме? Не де болса, үй опырылып ортасына түспей тұрып тоқтамға келгені жөн. Шатақ жатақханада жалғасса да мақұл болар ма еді?
Отбасы қазір әкімдіктің жіті бақылауында.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков