Мүгедек жандар мүддесі үшін

kk 3_0Облысымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осынау сауалға жауап беру мақсатында "Нұр Отан" партиясы ҚОФ мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдерінің басын қосып, "дөңгелек үстел" мәжілісін өткізді.
"Кедергісіз келешек" партия-лық жобасы аясында мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі оң шешімін тауып, инклюзивтік білім беруді дамыту қолға алынды. Қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттары және партиялық бақылау комиссиясы  Қостанайдағы №5 "А" мектептегі мүгедек балалардың инклюзивтік білім беру бағдарламасы бойынша қалай оқып жатқанына куә болған еді.
– Мониторинг нәтижесінде мектепте мүгедек балаларға тиісті жағдай жасалғанына көз жетті. Инклюзивтік білім беру бағдарламасы бойынша әдістемелік оқу құралдарын ұстаздардың өздері  дайындауға машықтанып алған. Мұндай мониторингті қараша айының соңына дейін жүргізетін боламыз. Партияның орталық аппараты республика бойынша 700 нысанда осындай мониторингті өткізуді жоспарлап отыр, – деді "Нұр Отан" партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова.
Қостанай облысында 18 500 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істеуге қабілетті жаста. Қазіргі уақытта соның 4600-і жұмыспен қамтылған. Биылдың өзінде 775 мүгедек жұмысқа орналасты. Аймақта мүгедектердің кәсіби және орта білім алулары үшін 2007 жылдан бері қарай материалдық көмек көрсетіледі. Оларды оқытуға 10 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жыл сайын орташа есеппен алғанда жүз мүгедектің білім алуына мүмкіндік туып отыр.  Арқалық, Рудный және Қостанай қалаларында инвотакси жұмыс істейді. Жылына 600 мүгедек осынау қызмет түрін пайдаланады.
– Биыл Аманкелді, Әулиекөл, Науырзым, Таран, Федоров және Рудныйда  183 нысан мүгедектерге арналып бейімделді. Яғни, аталған нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді қызмет қарастырылған, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы  Ерлан Жаулыбаев.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓