Архимед Мұхамбетов: «Пайдаланылмаған жер қайтарылып алынсын!»

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы өткен жылы жер заңнамасын бұзуға қатысты 395 тексеру жүргізіп, 231 өрескелдікті анықтаған. Инспекторлар тарапынан әкімшілік жазалау ретінде 21,3 млн теңгенің айыппұлы салыныпты. Тексеру негізінен ауыл шаруашылық бағытына және коммерциялық нысандарға құрылыстың салынбауына қатысты жүргізілген. Осы және басқа да түйткілдер туралы аталған басқарманың басшысы Нұрлан Әбдуов аймақ әкімдігінде өткен жиында баяндады.
– Елдімекендерге қарасты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін өз бетінше иемденіп, оның аумағын қоршап алу фактілері жоқ емес. Атап айтсақ, Қарасу ауданында шаруа қожалықтары басшыларының 3,1 мың шаршы метр жерді заңсыз иемденуіне қатысты 4 дерек анықталды. Оларға 600 мың теңгеден астам айыппұл көлемінде әкімшілік жаза қолданылып, өрескелдікті жою жөнінде ұйғарымхат жолданды, – деді Н.Әбдуов.
DSC_0582
Өткен жылы басқарманың бақылауында ауыл шаруашылық мақсатындағы 504,7 мың га аумақ болса, оның 76 мың гектардан астамындағы өрескелдік жойылыпты. Мәселен, жайылым жер бар да, онда жайылатын мал болмаса, бұл заңға қайшы. Бұған дейін талапты сақтамаған «Жаса-12» ЖШС (Таран ауданы), «Тассервис» ЖШС (Қостанай ауданы), «Есжанов Ч.Ж.» ШҚ (Әулиекөл ауданы) шаруашылықтары 2017-2018 жылдары ірілі-ұсақты мал сатып алып, қазіргі уақытта төлдерін жайылымда өрістетіп жүр.
– Бұл талаптарды сақтамағандардың жерін сот арқылы мәжбүрлі түрде қайтарып алу көзделген. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы 456 мың гектар аумаққа қатысты 28 наразыхат жолданған болса, мемлекет меншігіне 290 мың га жуық жер телімі қайтарылды. 130 га алқапқа қатысты құжаттар сот қарауында. Биыл ауыл шаруашылық бағытындағы жалпы көлемі 10,7 мың га болатын 11 учаскені сот арқылы қайтарып алу жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысы.
Ал өңірімізде өткен жылы коммерциялық мақсаттағы 46,3 га болатын 18 жер телімі қайтырылып алынса, қалған 6 га (12 учаске) сото қарауында. Үстіміздегі жылы тағы 60 жер телімін қайтаруға қатысты шаралар жоспарда бар. Айта кетерлігі, бұл учаскелердің барлығы жеке меншіктің қарамағында болғандықтан, олардың қожайындары үшін оны әрі қарай құрылыс салып, көркейту көп алаңдата бермейтін көрінеді. Сол себепті, Н.Әбдуов биыл басқарма тарапынан облыстың барлық өңірлеріндегі жер қатынастарына қатысты салалар жоспарлы тексерілетінін ескертті.  
DSC_0589
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына қарасты кейбір аудандардағы бөлімдерде мамандар жетіспейтінін жеткізіп, баяндамашыға осы жағын үйлестіруді тапсырды.
– Пайдаланылмаған жер деген болмау керек. Оны қайтару үшін ескерту, қаншама хаттар, сотқа берудің ұзаққа созылатын процесс екенін түсінеміз. Бірақ маған малымызды өрістететін жайылым жер жоқ деп шағымданатын тұрғындар көп. Қаншама микронесие алып, түрлі бағдарламаларға қатысып жататындар мал жаятын орын таппай жүр. Жерді тиімді пайдалана алмағандар мемлекетке қайтару керек. Осы жағынан жұмысты күшейтіңіздер. Айталық, Жітіқара ауданындағы тұралап тұрған «Талап Астық», «ЖерАна» серіктестіктерін сот ақтап шығады, бірақ оларда атқарылып жатқан ештеңе жоқ. Не өздері егін салмайды, не біреуге істетпейді. Осы жөнінде ұсыныс жасауды тапсырамын, алдағы уақытта арнайы кеңес өткізетін боламыз. Мұндай фактілер жетіп жатыр. Біздің біреудің соңынан қудалауға түсейік деген ойымыз жоқ, тек жерді тиімсіз пайдаланғандарды жөнге келтіру, – деді А.Мұхамбетов.
 
Қ.ҚИЫСХАН
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓