103-72-44… ҚАРҚЫН ЖАМАН ЕМЕС
Жұмыр жер бетіндегі мемлекеттердің кейбірі жер сілкінісі мен жойқын дауыл, қуаңшылық іспетті табиғи апаттардан зардап шегіп жатқанда, енді бірінің ауыр қылмыстан, қарулы қақтығыс, соғыстан касірет шегетіні жасырын емес. Мемлекеттің қанат жаюына жемқорлық пен сыбайластықтың да кесірін тигізетіні белгілі. Осының барлығын ескерген «Global Finance» халықаралық зерттеу ұйымы әлемдегі қауіпсіз елдер тізімін жасады.
Айтулы ұйым биылғы зерттеуінде бағалаудың үш бағытын назарға алыпты. Атап айтқанда, бейбітшілік пен соғыс, жеке бас қауіпсіздігі және табиғи зілзала сараптамада барынша ескерілген.
Былтырдың дәл осы мезгілінде жасалған зерттеуде Қазақстан Республикасы қауіпсіз мемлекеттер тізімінің 73-і сатысына тұрақтаған болатын. (2017 жылы 103 саты). Осылайша, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет, әлемдегі бейбіт өмір сүруге болатын 100 елдің қатарына енген еді. Бейбіт елдердің жаһандық индексі (Global Peace Index) – әлем елдерінің кешендік көрсеткішінен құрылған, мемлекеттердің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, сыртқы саясатын айқындайтын әлемдік көрсеткіш. Жаһандық қауіпсіздік индексі жұмыр жер бетіндегі адамзаттың басым бөлігі мекен еткен 163 мемлекетті қамтиды.
Биылғы көрсеткіштен Қазақ елінің айналдырған бір жылдың ішінде 73-ші сатыдан 9,5 ұпай көрсеткішімен 44-ші сатыға көтерілгенін байқауға болады. Біздің құдайы көршілеріміз Қырғызстан – 89 (11,43), Ресей Федерациясы – 108 (12,94), Қытай Халық Республикасы – 81-ші (11,11) сатыға тұрақтапты. Орыстармен ара қатынасын үзіп, еуропалануды ұйғарған Украина – Камерун, Конго, Гондурас елдерін алдыға салып, 116-шы сатыға шегініпті. Өзбек ағайындарымыз бен түркмендер тізімге мүлдем ілікпесе, тәжіктер 68-ші сатыға тұрақтаған. Әркімнің ісіне бір араласып жүрген АҚШ 163 мемлекеттің 65-ші орынын иемденген. Тізімнің соңы әдеттегідей Пәкістан, Нигерия, Сальвадор, Гватемала, Йемен, Филиппинмен тұйықталыпты.
Айтулы көрсеткіштің автралиялық Әлем және экономика институтының бастамасымен түзілгенін айта кеткен жөн. Мұнда БҰҰ, Әлемдік банк, «Transparency International» іспетті түрлі халықаралық ұйымдардың мәліметтері сарапталады. Жұмысқа әлемдік Нобель сыйлығының лауреаттары, АҚШ, Финляндияның бұрынғы президенттері, БҰҰ ұйымының Бас хатшысы мен саясат, экономика, әлеумет саласында жетістікке жеткен ғалымдар мен ғұламалар жұмылдырылған. Осыдан да болар, зерттеу нәтижелері – БҰҰ зерттеу қорытындыларымен бір сатыда.
Индексті түзу барысында арнайы құрылған есептеу үлгісі қолданылады. Жоғарыда аталған үш негізгі талаптан бөлек, мемлекеттердің ішкі және сыртқы факторларынан түзілген 23 көрсеткіш қаперге алынады. Билік пен халық арасындағы текетірес, көрші мемлекеттермен байланыс, адам құқығының сақталуы, босқындар көшкіні іспетті әр критерийге 1-ден 5 ұпайға дейін қойылып, мемлекеттің бейбітшілігі айқындалады. Мәселен, осы көрсеткіштегі Америка экономикалық даму көрсеткіші жағынан алдыңғы сатыда болғанымен, адамның жеке қауіпсіздігі жағынан көш соңында. Бұл елде қастандық жасау, адам өлтіру, ұйымдастқан қылмыс көрсеткіштері жоғары. Осының барлығы ескеріліп, АҚШ тізімнің бел ортасына сырғыған.
«Global Finance» халықаралық зерттеу ұйымы ұсынған 2019 жылдың көрсеткішіне көз жүгіртер болсақ, бейбіт он елдің көшін Исландия – 6,16 ұпаймен бастайды. Одан кейінгі тізімді Швейцария (7.01), Финляндия (7.04), Португалия (7.07) Австрия (7.08), Норвегия (7.27), Катар (7.28), Сингапур (7.34), Дания (7.41), Жаңа Зеландия (7.42) жалғайды.
Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, халықаралық деңгейдегі мұндай сараптамалар елдің экономикалық өсіміне оң ықпал етуі тиіс. Мәселен, Әлемдік банк белгілі бір елді қаржыландыру алдында белді, белдерді сараптамалық ұйымдардың статистикалық мәліметтерін назарға алады. Соның қорытындысына сай, қаржыландырудың көлемі мен қайтарымын есептейді. Айтулы көрсеткіштердің инвестиция тарту мен халықаралық туризмді дамыту барысында да қаперге ілігерін айта кеткен жөн. Біз назарға алып отырған «Global Finance» халықаралық зерттеу ұйымының журналы – даму институттары назарға алған әлемдегі таңдаулы 10 зерттеу ұйымының бірі. Мұндағы оң көрсеткіштердің алдағы уақытта Қазақ елінің өсім қарқынын күшейтері анық.