Мемлекеттің қолдауынсыз қалмайды

Бүгінгі таңда еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон жөніндегі комитеттің облыстық департаменті көрсетіп отырған 13 қызметтің 12-сі электрондық форматта. Тек мүгедектікті заңдастыру қызметі ғана қағаз түрінде, себебі, оған өтініш берушінің өзі қатысып, құжатқа қол қою керек. Алдағы уақытта қызметтің бұл түрі де электрондық нұсқаға ауыстырылатын болады. Бұл былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметті цифрландырудың «Мүгедектікті анықтау және оңалтудың қажетті шараларын әзірлеу» пилоттық жобасын жүзеге асыру жөнінде облыс әкімдіктерімен меморандумға қол қоюынан кейін басталған науқан. Әзірге пилоттық жоба бойынша Қостанайдағы №4 емхана таңдалып отыр. Мүгедек екенін тану үшін 71 азаматтың медициналық іс қағазы олардың қатысуынсыз қаралған. Құжаттардың 55-сі сәйкестігін тауып отыр. Яғни, әр құжатқа азаматтың аты-жөні, тұрғылықты жері емес, тек коды ғана белгіленсе жетіп жатыр.
DSC_0574
Облыстық әкімдікке өткен жылдың осы және өзге де жұмыстарын қорытындылай келген аталған департамент басшысы Мұрат Мұратбеков өңірімізде жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 33 түрі белгіленгенін жеткізді.
– Барлық аудан-қалалардағы 120 мың зейнеткердің іс қағазы тексерілді. Қазіргі таңда базалық жүйені есептегенде, төменгі зейнетақы 52 мың, ал орташа 87 мың теңгені құрайды. Былтырғы жылдың шілде айындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектердің күтімін жасап отырғандарға арналып жаңадан жәрдемақы тағайындалды. Біздің өңірімізде 700 адам 31 мың теңгеден асатын осындай әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Өткен қараша-желтоқсан айларында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп, аймақ азаматтары алатын 330 мың жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерге қайтадан есептеу жүргіздік. Соның нәтижесінде биылғы төлемдер еш кешеуілсіз берілуде. Жалпы, былтырғы жылы облысымызда зейнеткерлер мен әлеуметтік жәрдем алушыларға 142 млрд теңге (оның 119 миллиарды зейнатақы) төленді, – деді М.Мұратбеков.
Қазір облысымызда 28 мың мүгедек адам тіркеліп отыр. Бұл сан 2017 жылмен салыстырғанда 182 адамға көбейген. Дегенмен, өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі (3,2%) орташа республикалық көрсеткіштен (3,7%) әлдеқайда төмен. Ал оларды арнайы заманауи техникалық компенсаторлық (арбалар, тифло-сурдо құралдар, тротезді-ортопедиялық жабдықтар) құралдармен қамту 53 пайызға ғана орындалыпты.
Қ.ҚИЫСХАН,
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓