Дала қоңырауының сыңғыры

Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебіне 150 жыл толды
DSC01115Торғайда екі күн бойы той өтті. Бұл батыр-баһадүрлерге берілген ас немесе сол өңірден шыққан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылардың мерейтойы да емес. Торғай табанында кіндік қандары тамған тұлғалар оқыған білім ошағының тойы. Сондықтан облыс әкімі Н.Садуақасовтың қолдауы мен облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуының нәтижесінде жыл бойы тұңғыш мектептің тойына қызу әзірліктер басталды. Оны шалғай ауданға барып-келіп жүргенімізде өзіміз де көрдік.
"Торғай қызы салған ән"
Қысқасы, қазан айының соңғы сенбі-жексенбісі қарт Торғайдың төсіне алыс-жақыннан қонақтар ағылды. Арасында Қазақ КСР су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев, химия ғылымдарының докторы, бүкіл әлем мойындаған атақты ғалым Оразхан Аймақов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет, Астанадағы Ұлттық академиясы орта білім институтының директоры Есенкелді Тұяқов, Жанкелдин ауданымен қоңсылас жатқан Ырғыз  және Аманкелді аудандарының DSC01083әкімдері бастаған делегацияны және басқа да мәртебелі меймандарды көзіміз шалды.
Ыбырай мектебінің тойы белгілі ақын, драматург  Ақылбек Шаяхметтің "Таза бұлақ" спектаклімен ашылды. Қойылымды сахналаған Н.Ахметбеков атындағы Жанкелдин аудандық Мәдениет үйі жанындағы халық театрының әртістері өздеріне бекітілген рөлдерді шебер сомдай білді. Әсіресе, Ыбырайды ойнаған Қанат Досмақов ұлы ағартушының бейнесін айшықты жеткізуімен ерекшеленді.
Ізінше аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының күшімен мерекелік концерт берілді. Сахнада күмбірлеген күй де, мың бұралған би де қойылды. Тор-ғай әуендері де үздіксіз шырқалды. Сыртта жүрген елдің азаматтары өздері естіп жүрген таныс әуендерге үн қосып, кештің мерейін асырды. Мен мына бір эпизодты ғана айтайын: сахнада "Торғай қызы" шырқалып жатқан кез. Дәл ту сыртымызда отырған кісілердің арасынан әнді қосыла айтқандарға жалт қарағанбыз. Апырмай, жасы сексеннің сеңгірінен асқан Ленин орденді ұстаз Балдай DSC01121Тұрмағамбетова көзі жасаурап, әлгі әнді бірге айтып отыр. Туған жерге деген сағыныш!  Алды мектеп бітіргендеріне алпыс жыл толған ақсақал шәкірттерімен кездесуге алып-ұшып жеткен кәрі жүректің лүпілі қандай құдіретті десеңізші! Балдай апай ән салып отырғанда жанындағылар да қарап отырсын ба. Ыбырай мектебінде директор болған Рәшилә Қаленова, білікті ұстаз, туған Торғайынан алысқа ұзамаған Бәтима Қосылбай сынды апаларымыз да ән аяқталғанша демдерін іріккен жоқ.
Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің әншілері  Байдос Қожасағиев, Асхат Шыңғысов т.б. әншілер той қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
 
Ұлы ұстазға тағзым етті
Тойдың екінші күні таңсәріден бастап қонақтар Ыбырай Алтынсарин мұражайының алдына жиналды. Меймандар алдымен Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ағартушыға тағзым етті. Содан кейін мұражайды аралап көрді.
– Туған жерге деген сағыныш әркез мені осында жетелейді де тұрады. Бұл жерден талай тұлғалар өсіп-өнген. Қасиетіңнен айналайын қарт Торғай солардың алтын қазығы, киелі мекені. Ал Ыбырай мектебінің жөні тіпті басқа. Кешегі ұлт зиялысы атанған тұлғалардың бәрі осы білім ошағынан дәріс алған. Сондықтан, бұл тойдың мәні мен үшін тым ерекше, – дейді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев ақсақал.
Көп ұзамай Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мәжіліс залында ғылыми-тәжірбиелік конференция бас-талды. DSC01088Оны аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин басқарып, жүргізіп отырды. Конференция барысында алматылық мейман Райхан Сахыбекқызы "Ыбырай Алтынсарин – ұлттық мектептің негізін салушы" тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Баяндама жасады деп отырғанымызбен ғалым жиырма бес минут бойы дайындап әкелген жеті беттік баяндамасының бір әрпіне де үңілген жоқ. Ғылыми конференцияға жиналғандармен ашық әңгіме алаңын құрды. Жұртпен емен-жарқын пікір алмасты. Екінші бір таңқалдырған кісі – Нариман аға. Бұл кісі де Ыбырай мектебінен түлеп ұшқан мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы жан-жақты баяндай келіп, өзінің осы тақырыпты қаузаған кітабының тұсауын кесті. Не керек, Ыбырай мектебінің тойына жиналғандар тағылымды басқосудан ерекше сезімге бөленіп шыққаны  даусыз.
 
Палуандар белдесіп, ат бәйгесі өтті
Түстен кейін жан-жақтан жиналған қазақ күресінің шеберлері "түйе палуан" жүлдесін  сарапқа салды. Бас қазы Әлібек Бірмағамбетов хабарлағандай, боз кілем үстіне кілең сайдың тасында іріктелген 15 палуан шықты. Олардың арасында халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Бірінен бірі өткен палуандар ішінде ақтық сайысқа торғайлық Ғабит Балғымбаев пен арқалықтық Михаил Твердохлебов шықты. Бұл екі палуан да бір-біріне оңайлықпен есе жібере қойған жоқ. Дегенмен, белдесудің соңғы секундтарында жанкелдиндік Ғ.Балғымбаев "Түйе палуанға" тағайындалған 100 мың теңгелік жүлдені жеңіп алды. Айта кету керек, бұл жүлдені Қостанайдағы Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашұлы салтанатты түрде табыс етті. Ал екінші орын алған арқалықтық Михаил Твердохлебов 30 мың теңгені місе тұтты.
DSC01069Қазақ күресінен кейін Торғай атшабарында желмен жарысқан сәйгүліктер сайысы басталған. Ат жарысы дегенде делебесі қозған жұртшылық алдымен  төрт шақырымдық тай бәйгені тамашалады. Мұнда жүлделі бірінші орынды Көкалат ауылының шабандозы Нұрлыбек Тоққожа жеңіп алды. Екінші орынды Торғай кентінің шабандозы Кенжебай Айдос иеленсе, үшінші бәйгені Аманкелдіден келген Жүрсін Сейітжан қанжығасына бөктерді. Аламан бәйгенің 100 мың теңгелік жүлдесін "Қара жел" атты сәйгүлікті тақымдаған көкалаттық Нұрлыбек Тоққожа еншіледі. Екінші жүлде Шиліден келген "Гүлсары" атты жүйрікке бұйырды. Аттың иесі Жәнібек Мұқышевке сәйкесінше 60 мың теңге бұйырды. Ал, Сужарған ауылының шабандозы Тоқтар Тәжібаев тізгіндеген "Гүлсары-2" сәйгүлігінің жүлдесі 30 мың теңгеге бағаланды. Осылайша, Торғайдағы Ыбырай баба алғаш іргетасын қалаған ата мектептің 150 жылдық торқалы тойы өз деңгейінде өтті.
Бір өкініштісі, тойға арнайы шақырылған қонақтардың тең жартысы келген жоқ. Осыны байқаған Ғайыпназар Қойшин ақсақал той үстінде былай деген еді: "Біздің   Торғайдың жігіттері жерді алыссынып, елге келгілері келмейді. Торғайдың жері қашық болғанмен, бұл елде үлкен кие бар. Торғайды түлету әрбір азаматтың парызы. Соны ұмытпау керек!". Бұдан асырып бірдеңе айта қою мүмкін емес. Ыбырай мектебінің даңқы туралы әлі талай жазылар. Әзірге нүктені осы жерден қоя тұралық.
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
Суреттерде: Ыбырай мектебінің 150 жылдық тойынан көріністер.
Суреттерді түсірген автор. 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓