Үнем. Жұмысбастылық. Жаза

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында төрт мемлекеттік органға енгізілген пилоттық жобадағы жалақы төлеудің жаңа моделінің оң нәтиже көрсетіп отырғандығы баса атап өтілді. Мұнымен қоса, жұмыс тиімділігін артыру, еңбекке төленетін қаржының өсімі бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін тапсырған болатын.
WhatsApp Image 2019-01-29 at 12.02.11(1)
Өңірімізде мемлекеттік органдар орналасқан ғимарат нысандарының аумақ жағынан шамадан тыс орындар алып жатқаны белгілі болды. Бұл ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, қаржы басқармасымен бірлескен тексеруі барысында анықталған. Аймағымызда барлығы 707 мемлекеттік мекеме түгендеу есебіне алыныпты.  Анықталғандай, олардың қатарында белгіленген нормадан 19,2 мың шаршы метр артық орындарға орналасқандары бар. Соның 5,3 мың шаршы метрі басшылардың кабинетіне тиесілі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Асхат Ескендіров баяндады.
– 8,4 мың артық шаршы метрде қызметкерлер отырса, ғимараттардың жалпы шамадан тыс аумағы 5,4 мың шаршы метрді құрады. Мониторнг көрсеткендей, 3,8 мың шаршы аумақты бизнес субъектілерінен жалға алып отырған басқа мемлекеттік мекемелердің құзырына беріп, бюджет қаражатын үнемдеуге болатыны анықталды. Ал жоғарыдағы артық орындарды басқа мемлекеттік органдарға тапсырған жағдайда, қазынаның 50 миллион ақшасын ысырап болмас еді. Егер бұл нысандарға оңтайландыру жүргізілсе, 18 миллион қаражат үнемделеді. Тағы бір ескере кетерлігі, артық аумақтардың 29% – конференция залдарына, архивтерге, жиын залдарына, киім ілгіштер мен қосалқы нысандарға тиесілі, – деді А.Ескендіров.
Басшы орынбасары бұдан кейін мемлекеттік қызметшілер құқығының қорғалу жайын да сөз етті. Өткен жылы мемлекеттік қызметті бақылау саласына 255 өтініш келіп түскен болса, олардың 198-і шағым.
– 45 шағым бойынша тексеру жүргізілді. Өз құқығын қорғау туралы жүгінген 12 қызметкердің сегізінің ожданы қорғалды. Мемлекеттік органдардың өкілдері көбіне басшыларының тәртіптік жазаға тартқан кезде, біліктілік талаптар мен қызметтік нұсқаулықтарға өзгерістер енгізілген кезде, конкурстық шаралар бұзылған кезде, заңсыз жұмыстан қуу, 2017 жылғы жалақы жөніндегі анықтама бермегені үшін заңсыз әрекеттерге баратындығына шағымданады. Мемқызметшілердің құқығын қорау барысында олардың басы артық жұмысқа жегілетінін де ескеру керек. Бұған дейін ол қалыпты жағдай деп танылса, жаңа заңнамада жұмысшылардың еңбек ету уақыты мен демалыс уақыты бекітілген. Былтыр департаментіміз бен Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп 99 мемлекеттік мекемеде болып, 32 фактіні анықтады. Барлығы 406 сағаттың артық орындалғаны анық болып отыр. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма 6 тұлғаны әкімшілік жауапқа тартты. Нәтиже жемісін бере бастады – биылғы жыл басынан бері тексерілген 60 мекемеде артық жұмыс орындау дерегі тіркелген жоқ, – деді баяндамашы.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, өңірімізде тәртіптік жазаға тартылатын тұлғалардың саны жыл санап азайып келе жатқаны мәлім болды. А.Ескендіров былтырғы 12 айда 1133 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылған деді. 2017 жылы бұл сан 1386-ны құраса, 2016 жылы 1580 адамға қатысты тәртіптік жаза тағайындалыпты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓