МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫНА МАМАНДАР ҚАЖЕТ
«СарыарқаАвтоөндіріс» серіктестігінде машина жасау саласын кадрмен қамту мәселесіне арналған форум өтті. Жиынға ЖОО-ының басшылары, колледж және мектеп директорлары, Білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ студенттер мен оқушылар қатысты. Басты мақсат – жыл санап дамып келе жатқан жергілікті автоөндіріске қажетті мамандарды даярлаудың оңтайлы жолын қалыптастыру.
Форумға қатысушылар кәсіпорынның өндіріс цехтарын аралап, отандық машинаның қалай құрастырылатынын өз көздерімен көріп, қызықтады. Одан кейін алқа отырысында бас қосып, жергілікті білім ошақтарында болашақ машина құрастырушы мамандарды даярлау мәселесін, дуальды білімді дамыту жолдарын талқылады.
Былтыр желтоқсан айында «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ мен қытайлық «Genertec» компаниясы «СарыарқаАвтоөндіріс» серіктестігінде автоөнеркәсіп әлеуетін арттырып, автокөлік құрастыру саласындағы қазақстандық үлесті 50%-ке жеткізуді көздейтін инвестициялық келісімке отырған болатын. «Genertec» компаниясының басқарма төрағасы Лу Йимин облыс әкімімен кездесуінде қостанайлық автоөнеркәсіпті дәуірлеу кезеңі күтіп тұрғанын, болашақта өндіріске жаңа технологияның ең озық үлгілері енгізілетінін айтқан еді.
– Биыл біз JAC автокөлігінің S7, Т6 пикап үлгілерін шығаруды қолға аламыз. Ал 2019-2021 жылдар аралығында JAC, ANKAI, HOWO, HANTENG автокөліктері мен автобустар құрастырылады. Осыған орай, биыл зауытқа 250 маманды жұмысқа қабылдауды көздеп отырмыз, – дейді «СарыарқаАвтоөндіріс» ЖШС директорының орынбасары Сергей Могилатов.
Форум барысында машина жасау зауыты мен облыстық білім басқармасы және кәсіподақ арасында үштарапты меморандумға қол қойылды.
Нұрқанат Құлабаев
Жумыс жаиында киммен соилесе аламыз телефон номеры барма меным номерым 87479611821