БІР ТОП МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КЕЛДІ
Қостанайға бір топ Мәжіліс депутаты жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары облыстық мәслихат депутаттарымен және «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен кездесіп, сапар мақсаты туралы баян етті. Алдымен көпшілікті өзімен бірге келген әріптестерімен таныстырып өткен жұмыс тобының жетекшісі Г.Шегельский: «Менімен бірге К.Қаракен, А.Қожахметов, О. Шишигина, С.Имашева сияқты Мәжіліс депутаттары келіп отыр.
Басты мақсат – халықпен кездесіп, өңір тұрғындарының тұрмысы мен өміріне Елбасы реформалары қаншылықты деңгейде игі әсер етіп жатқанын өз көзімізбен көріп-білу. Дүкендерге кіріп азық-түлік бағасын бағамдап, қарапайым адамдармен, зейнеткерлермен тілдесіп, әлеуметтік аһуалмен танысу мақсатында келдік. Коммуналдық қызмет төлемдерінің мөлшерін азайту бойынша өңірде қандай шаралар атқарылып жатқанын аңдау. Өйткені бұл салада әлі де шешім атппай жатқан түйткілді мәселе көп. Біз өңірдің бірқатар қала-аудандарын аралап, ел пікірін білмекпіз. Жол сапасын бақылаймыз» – деді. Мәжіліс депутаттары ертең Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай» кен байыту комбинатына барады, сонымен қатар кеншілер қаласындағы Цемент зауытының өндірісімен танысып, жергілікті дәрігерлермен кездеседі. Одан кейін депутаттар Сарыкөл, Қарабалық, Денисов, Қамысты аудандарына барып, бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралайды.