Заңсыз ақша жинап…
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінде өткен кезекті Тәртіптік кеңесінің отырысында Қостанай облысының ішкі істер департаменті қызметін жоспарлы тексерудің қорытындылары, Қостанай қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі С. Омаровқа, Аманкелді ауданы «Жасбуын» орта мектебінің директоры З. Қанапинаға қатысты тәртіптік істер жан-жақты қаралды.
Тексеру нәтижесі бойынша тиісінше қабылданған шаралар туралы Тәртіптік кеңес алдында Қостанай облысы бойынша ішкі істер департаментінің кадрлық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Бағдат Итесов есеп берді.
Қостанай қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі С. Омаровқа қатысты тәртіптік іс бойынша анықталғанындай, бөлім бастығының орынбасары А. Харахорина үстіміздегі жылдың 28 қаңтардан 1 ақпанына дейін Ресей Федерациясына шығуына байланысты жұмыс орнында болмаған-ды, бірақ жұмыс уақытын белгілейтін есеп табелінде оның жұмыста болмағаны туралы көрсетілмеген. Атап айтқанда, қаңтар, ақпан айларының еңбекақысы толық түрде төленген. Сондықтан да анық емес мәліметтердің негізіндегі құқық бұзушылықтың белгілері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» заңнамасында қарастырылғанындай сыбайластыққа жағдай жасалынып отыр деп саналды. Тәртіптік кеңес бөлім жетекшісінің түсіндірмесін тыңдай келе мынандай шешім шығарды, оның лауазымын төмендету, егер бос қызмет орны болмаған жағдайда қызметтік талапқа толықтай сай емес деген ескертумен тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным жасады.
Тәртіптік кеңестің осындай шешімін Аманкелді ауданы «Жасбуын» орта мектебінің директоры З. Қанапина да алды. Ол мектеп ұжымынан заңсыз түрде, ықтиярсыз, еш себепсіз, облыстық комиссияның кездесуіне деп 247 000 теңге жинады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» заңнамасына сәйкес, осы теріс қылығы сыбайластыққа жағдай тудырып, құқық бұзушылық болып табылады.
Гүлназым САҒИТОВА