Ленинград блокадасына – 75 жыл
Бүгін “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы Ленинградтың фашистік қоршаудан азат етілуінің 75 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырды. Оған Ленинград қоршауын басынан өткерген қариялар – Вера Акимова, Валентина Гусак, Римма Ксенафонтова, Галина Распопова, Владимир Спицин, Геннадий Титов, Светлана Шнайдер шақырылды. Сондай-ақ, “Ленинградты қорғағаны үшін” медалімен марапатталған екі ҰОС-ның қатысушылары – Владимир Садчиков пен Николай Шапошников және қалалық ардагерлер ұйымының белсенді ардагерлері де кештің құрметті қонағы болды. Жалпы, Қостанай облысы бойынша Ленинград қоршауын басынан өткерген 13 ардагер өмір сүріп жатыр, соның жетеуі облыс орталығында.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1941 жылдың 8 қыркүйегінде басталған Ленинград қаласының фашистік блокададан азат етілуі 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін созылған. Салдарынан, қоршауда қалған қаладағы әскерлер мен халықты азық-түлікпен жабдықтау мәселесі қиынға соғып, әр адамға тәулігіне берілетін нанның мөлшері 120-250 граммға дейін төмендеген. Ладога көлі мұзы үстімен автокөлік жолы арқылы қажетті қару-жарақ, азық-түлік т.б. тасылды. Жау Ленинградты қаншалықты ұзақ қоршағанымен ержүрек қорғаушылардың арқасында қалаға басып кіре алмады. Ленинград қаласын жаудан азат ету ұрыстарында жергілікті партизан отрядтары да орасан зор көмек көрсеткен. Бұл ұрыста жаудың елуге жуық дивизиясы талқандалған. Осылайша, Ленинград қаласы тек 1944 жылдың 27 қаңтарында ғана қоршаудан азат етілді. Қоршау кезінде 1,5 млн адам қаза тапқан көрінеді.
– Ленинградта құрсауда қалғандардың тағдыры ауыр болды. Қоршауда қалған қалалықтар мен оны азат етуге қатысқан әскерлердің бастан өткергенін айтып жеткізу өте қиын. Сондықтан, ол күндерді ұмыту әсте мүмкін емес. Бүгінгі өскелең ұрпақ та сұрапыл соғыстағы ата-бабаларының ерен ерлігін естерінде мәңгіге сақтауы керек, – дейді ҰОС ардагері В.Садчиков.
Ұрпақтар сабақтастығы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қаламыздағы “Озат” мектебі мен №5 орта мектебінің оқушылары да қатысты. Оларға тақырыпты мәліметтер мен ардагерлердің естеліктері айтылып, деректі фильм, слайдтар көрсетілді. Шара аясында педагогикалық еңбектің жетекші ардагері Тамара Королева “Память сердца стучит, как набат” тақырыбы бойынша әдеби-музыкалық композиция ұсынса, еңбек ардагері Василий Максименко Роберт Рождественскийдің “Реквиемін” оқыды. Ал, “Мирас” мәдениет үйінің әншісі Светлана Обухованың орындауында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.
Қостанай облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Кенжебек Үкіұлы мен Юрий Харьяков “блокадашылар” атына алғыс сөздер айтып, гүл мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. “Жас прожект” жастар бастамашыл тобының көшбасшысы Айнаш Бабақова ардагерлерге тәттілер сыйлады. Ал, кеш соңында балалар музыка мектебінің оқытушысы Сергей Кобзевтің сүйемелдеуімен барлық қатысушылар “Город под вольной Невой” әнін орындады.