Меншік құқығы – қорғауда
Облыстық әділет департаментіндегі брифингте меншік құқықтарын қорғау жөнінде өткен жылда атқарылған жұмыстар сараланды.
Жалпы, зияткерлік меншік құқықтарын тиісті деңгейде қорғау – экономикалық сипаттағы мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдердің маңызды тұсы саналады. Осы ретте құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әділет департаменті мамандарының айтуынша, олар осы уақытқа дейін Атамекен кәсіпкерлер палатасы, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару бойынша ұйымдары, полиция департаменті және Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерімен бірлесіп біраз жұмыстың басын қайырған.
– Өткен жылы облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бөлімінің және аумақтық бөлімшелерінің мамандары 4 рейд жүргізіп, 7 құқық бұзушылық істі анықтады. Тексеру нәтижесінде 7 құқық бұзушылық анықталып, 396 800 теңге сомасына айыппұл салынды. Есепті кезеңде әділет басқармасының қызметкерлері «Адидас», «Рибок» тауар таңбаларын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заңды бұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту және алынған мүлікті тәркілеумен қоса айыппұлды өндіріп алу жөнінде соттың қаулысы шығарылды, – деді Қостанай облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бойынша бөлім басшысы Ренат Қапышев.
Мәліметке сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда, 2018 жылы жүргізілген тексерулер саны азайған. Тексерістер тауар белгілеріне құқық иеленушілердің сұранымы негізінде жүретіндіктен, олардың әкімшілік тәртіппен құқықтарын қорғау белсенділігі айтарлықтай төмен. Сонымен қатар, ҚР әділет министрлігінің 2014-2018 жылдардағы стратегиялық жоспарда анықталған бағыттарын ескере отырып, есепті кезеңде құқықтық түсіндіру шаралары әжептәуір артқан.
Авторлық туындылар және өнеркәсіптік меншікті заңсыз қолдану деңгейін төмендету – елімізге халықаралық саудада жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Сондықтан, әрбір тұтынушы зияткерлік меншік құқықтарын сақтау арқылы отандық, әлемдік мәдениет пен экономиканың дамуына үлкен үлес қосатынын ескеруі тиіс.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ