«Ауғанның от-жалыны»
Аманкелді аудандық орталық кітапханасында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай «Ауғанның от-жалыны» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа ауған соғысында опат болған жауынгерлердің есімдерін қастерлеп, батырлардың рухына тағзым етуге шақыру.
Аталған іс-шараға қанды шайқасқа қатысқан қаһарман жерлестеріміз Іскендірбек Нұрқанов, Хамитбек Исмайлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жанділдин, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы С.Аймұханов және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Тажин қатысты.
Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 26 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Тәуелсіз еліміздің дамуына атсалысып жүрген ауғандық ардагер-жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу бізге парыз. Себебі, олар жауқазын жастық шақтарын оқ пен от астында өткізіп, әскери азаматтық борыштарын өтеді. Ауған ардагерлерінің ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге.
Ерлан ОЛЖАҒҰЛОВ,
кітапхана қызметкері.
Аманкелді ауданы.