«Әуежай» ауданындағы шағымнан кейін (мақаланың жалғасы)

Күні кеше өңірлік әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанайдың «Әуежай» шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс сапасын сынға алған болатын (мына сілтемелерде – https://old.kostanaytany.kz/archives/69079 және https://old.kostanaytany.kz/archives/69095 сонымен қатар газетіміздің 2019 жылғы 18 қаңтардағы №8 санында).
Атап айтсақ, өткен Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс орталығында өңір әкімінің қатысуымен тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті тапсырылғанмен, артынша «Әуежай» шағын ауданында «Ирина и К» серіктестігі салып шыққан баспаналардың сапасыздығы жайында қоныстанушылардан шағым түскен. Сол себепті, А.Мұхамбетов қала басшылығына мұндай олқылықтардың салдарын бір апта ішінде жоюға пәрмен беріп, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына жіті қадағалау жүргізуді тапсырды.davЖоғарыдағы шағым айтушылардың бірі – «Әуежай» шағын ауданындағы №19 үйдің 73-ші пәтер иесі Бибігүл Бекназарова қазір сол олқылықтар орнына келді дейді.
– Біз отбасымызбен осында өткен желтоқсан айының 26-сы күні келіп қоныстандық. Рас, басында пәтеріміз өте суық болды. Біз осы жайында пәтер иелері кооперативіне айтып, олар мердігер компания өкілдеріне хабарлады. Жұмысшылар келіп, жылуды реттеп, қалыпқа келтірді. Қазір үйіміз жылы. Тартылмалы төбеде жыртық болған, оны да ауыстырып отыр. Ас үйдің төбе қабырғасында жарықша саңылау болды, оны да құрылысшылар бітеп берді, – деді Бибігүл.davАталған шағын аудандағы 21-ші үйдің 96-шы пәтеріне жаңадан қоныстанған тағы бір жас отбасы бар. Отанасы Гүлнар Жүсіпова 59 шаршы метр болатын 2 бөлмелі баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қол жеткіздік дейді:
– Желтоқсан айының 19-ы күні пәтерімізге келіп кірдік. Бастапқыда ұсақ-түйек кемшіліктер болды, әрине. Соның ішінде плинтусты мердігер мекеменің жұмысшылары келіп ауыстырып кетті. Үй іші ыстық, терезе ашып аламыз. Қазіргі уақытта ешқандай шағымымыз жоқ, – деді Гүлнар.dav
Мердігер компания басшылығы он жылдан астам уақыт құрылыс жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын, тұрғындар тарапынан үнемі шағымдардың болатынын әрі кемшілік-олқылықтарды дер уақытында қалпына келтіретінін жеткізді.davАлександр Корчинский, «Ирина и К» Агрофирмасы» ЖШС директоры:    
– Қазіргі «Әуежай» шағын ауданында салынған үйлер сапа жағының 4-ші санатына жатады. Сол себепті, шаршы метрі 137 мың теңгені құрайтын бұл баспаналардың мінсіз болуы мүмкін емес. Дегенмен, бұл үйлер 12 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретін монолиттік үлгіде салынған. Біз көп қабатты тұрғын үйді салып болғаннан кейін ондағы олқылықтарды жөндеп беруге үш жылға кепілдік береміз. Жаңа қоныстанған пәтер иелері температуралық режимнің тұрақсыз екендігіне шағымданған соң құбырдың жылу айналуы қалыпқа келтірілді. Қазір баспана ішінің температурасы 23-25 градус жылылықты көрсетіп тұр. Терезеден желдің гулегенін де мердігерлер ретке келтірді. Егер тұрғындар қандай да бір ақауды байқаса, пәтер иелері кооперативіне, құрылыс компаниясының өкілдеріне хабарлай алады. Біз кез келген мәселені ескерусіз қалдырмаймыз. Жалпы, осы уақытқа дейін 8 үй тұрғызылды, ал ақау табылып отырғаны – осы біреуі ғана, – деді Александр Корчинский.
Оның айтуынша, біріндегі олқылықты бүкіл тұрғын үйлерден көру – әлбетте дұрыс емес әрекет.
"Кейбір БАҚ өкілдері мердігер компаниялардың "тырнағының астынан кір іздеп", тапсырыс сипатындағы ақпараттарды таратуы мүмкін. Ал, негізінде, дүрбелеңге салардай еш нәрсе жоқ, бәрі ұдайы бақылауымызда", – деп түйіндеді ол.
 
Қыдырбек Қиысханұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓