А.Мұхамбетов: “Бұл діни нысан болып қалады”
Еліміздің ұзақ мерзімді мәдени саясатының 2015-2019 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында өңірімізде көптеген шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі таңда аймағымыздың аумағында 725 тарих және мәдениет ескерткіші бар, оның 5-і республикалық және 720-сы жергілікті маңызға ие, соның ішінде 635-і археология, 85 қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері болып табылады. 2015-2017 жылдар ішінде 418 археологиялық нысан (Қостанай ауданы – 35, Жанкелдин ауданы – 122, Әулиекөл ауданы – 51, Аманкелді ауданы – 210) зерттеліп, жүйеленген. 2018 жылы жоба Қамысты ауданының 80 археологиялық ескерткішін қамтыды. 4 жыл аралығындағы қаржыландыру 10 млн теңгеден асыпты.
Аймақтық әкімдікте өткен жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов аталған саладағы осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.
– Қазіргі уақытта жаңадан анықталған археологиялық ескерткіштерді жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда музейлер маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда облыс бюджетінен қаржыландырылатын 10 мемлекеттік музей жұмыс істейді. 2018 жылы «Музейдегі түн» акциясы аясында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде жаңа «Рухани жаңғыру» экспозициялық залының тұсаукесері өтті. Тұжырымдаманы іске асыру аясында құрамында төрт дербес музейі бар Торғайдың Жанкелдин музейлер кешенін жөндеу көзделген, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, Торғайдағы Шақшақ Жәнібек музейі мен Арқалық қаласында Дала өлкесі тарихы музейіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалар дайын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанның сакралды нысандарын сақтау мен насихаттау. Осы орайда, тарих және сәулет ескерткіші әрі жергілікті маңызы бар нысан – Ақмешіттің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Былтыр облыс әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Марал Ишан мешіт ғимаратын жергілікті балансқа беру туралы келісімге келген. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен оның құжаттарын рәсімдеу толығымен аяқталыпты. Ерлан Қалмақов егер жобалық құжаттар мен құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүзеге асса, келер жылдың аяғында ғимарат пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Марал Ишан мешітіне қатысты дүрлікпе сөздің қажеті жоқ екенін ескертті:
– Кейбір БАҚ-та осыған қатысты ел арасында түрлі пікір туындатқан мақалалар жазылуда. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бір жыл бұрын Діни басқарма бұл тарихи нысанды балансымызға берді. Енді оның құрылыс-жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырамын. Жол картасын жасаңыздар. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ҚМДБ-мен келісе отырып, бір шешімге келеміз. Бір анығы, бұл діни нысан болып қалады, – деді Архимед Мұхамбетов.
Қыдырбек Қиысхан