Әкімнің сынынан соң (толықтыру)
Бүгін өңірлік әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанайдың «Әуежай» шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс сапасын сынға алған болатын (мына сілтемеде – https://old.kostanaytany.kz/archives/69079). Атап айтсақ, өткен Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс орталығында өңір әкімінің қатысуымен тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті тапсырылғанмен, артынша баспаналардың сапасыздығы жайында қоныстанушылардан шағым түскен. Сол себепті, А.Мұхамбетов қала басшылығына мұндай олқылықтардың салдарын бір апта ішінде жоюға пәрмен беріп, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына жіті қадағалау жүргізуді тапсырды.
Жоғарыдағы шағым айтушылардың бірі – Қостанайдағы «Әуежай» шағын ауданында жаңадан салынған №19 үйдің 73-ші пәтер иелері. «Ирина и К» серіктестігі салып шыққан сол баспананың басында Қостанай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Оспановтан мәселенің мән-жайын анықтап білдік:
– 73-ші пәтер иелері температуралық режимнің тұрақсыз екендігіне шағымданған соң құбырдың жылу айналуы қалыпқа келтірілді. Қазір баспана ішінің температурасы 23 градус жылылықты көрсетіп тұр. Терезеден желдің гулегенін де мердігерлер ретке келтірді. Егер жаңа қоныстанғандар қандай да бір ақауды байқаса, құрылыс компаниясының өкілдеріне шағымдана алады, – деді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек мердігер мекеменің жұмысшылары екі күннен бері аталған пәтердің жыртылып тұрған тартылмалы төбесін де ауыстырып бітіріп жатыр.
– Жалпы, бұл үй пайдалануға берілгеннен бергі бір ай ішінде тоқсанға жуық шағым түсті. Олардың көбі газ құбырының құралдарына қатысты шағымдар. Қазір көп қабатты үйдің жылу режимі қалпына келді. Келесі мәселе – құбырлардан су тамшылау, жарық сымдары мен өшіріп-қосу құралдары, құлып, топса. Бұл жағынан біздің тараптан кепілдік бар, оны да жөндеп береміз. Біздің компанияның прораб бастаған жұмысшылары – үш сантехник, екі электрик осы жерде отырады, – деді «Ирина и К» серіктестігінің учаске бастығы Юрий Урманов.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев