Қызмет көштен қалмау керек
2018 жылы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік корпорация тарапынан 3,3 миллионнан астам қызмет көрсетілген болса, оның 2 миллион 265 мыңнан көбі немесе 67,9% электрондық форматқа тиесілі. Мемлекеттік қызметтің автоматтық тәртіптегі үлесі жағынан Федоров (88,6), Әулиекөл (85,6%) және Ұзынкөл (84,5%) аудандары көш бастап тұр. Дегенмен, осы тұрғыда 60 пайыздан сәл асатын өңірлер де жоқ емес. Бұл туралы аймақтық әкімдікте өткен жиында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімов баяндады.
– Науырзым, Алтынсарин, Таран аудандарының электронды қызмет көрсету рейтингі 65-68 пайыз аралығында. Қалған аудан-қалалардағы бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды. Ал мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу 2017 жылға қарағанда, 3,5 есеге азайып, 72-ні құрады. Қарасу ауданы 14, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданы оннан, Денисов ауданы 7 өрескелдік жіберді. Ал облыстық басқармалар арасында білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау мекемелері бар. Дегенмен, Алтынсарин, Амангелді, Жангелдин, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара аудандарында мерзімді бұзу фактілері болған жоқ. Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету жөнінен жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесі бойынша Қостанай облысы республикада екінші орында, – деді Е.Әбдікәрімов.
Ел Президентінің Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетудің электрондық форматта орындалуы 2019 жылы 80, ал келер жылы 90 пайызды құрау керектігі туралы тапсырмасына орай аймақта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Өңірімізде өткен жылы «Электронды балабақша», «КМАЖ» (Кешенді медициналық ақпараттық жүйе), «Электронды мектеп» (3 аудан-қала бойынша) электронды қызмет түрлері енгізілсе, биыл «Электронды мектеп» (толық), «Электронды колледж» және «ГЕОПОРТАЛ» (6 мемлекеттік қызметті автоматтандыруға мүмкіндік береді) жүйелері жүзеге асырылмақ.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов былтырғы жылдың жұмысына оң баға беріп, көш соңында қалған аудан-қалаларға әлі де жұмыс істеуді және мерзімді бұзуға жол берген өңірлердің басшыларына мұндай олқылықтарды қайталамауын ескертті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ