Арман мен мақсаттың айырмасы неде?

Адамның арманы оның мүмкіндігімен тығыз байланыста болады. Себебі ол өзі ұнататын, өзі сүйетін, жан-тәнімен жақсы көретін дүниені армандайды емес пе. Демек, оның бойында осы арманды жүзеге асыратын күш, қуат, мүмкіндік бар деген сөз. Ал бірақ осы АРМАН мен МАҚСАТТЫҢ айырмашылығын білеміз бе? Сөз жүзінде ғана ма? Онда мына кеңестерге көз жүгірте өтіңіз…imagesАдамдардың көпшілігі уақыт өте келе арманынан неге қол үзіп қалады? Неге тек жападан жалғыз қалғанда ғана мұңды кейіппен сонау бір бала күнгі сағым-арманды сағына еске алады?
Оның себебі – арманның жинақы да нақты нысанға айналмағандығынан. Ол нысанның аты – МАҚСАТ. Адам әдетте армандағанда оған қанша уақыттан кейін, қандай істерді тындыру арқылы жететіні туралы ойлап жатпайды. Тек соңғы нәтижені ғана көз алдына елестетеді. Осыдан келіп арман қиял күйінде қалып қояды. Ал биік арманға жету үшін тек қана қиялдау жеткіліксіз. Сонымен, мақсаттың арманнан айырмасы неде?
Мақсат мынадай шарттарға сәйкес келуі керек:
Біріншіден, мақсатыңыз жеке сіздің тарапыңыздан толтырылуы керек, себебі мақсат етіп қойылған дүние көпше түрде болса, Сіз оның орындалуына басқаларға тәуелді боласыз және ол Сіздің жеке мақсатыңыз болып есептелмейді;
Екіншіден, ол қандай да бір өлшем бірліктерімен екшеленуі керек: дана, метр, килограмм, теңге, доллар, т.б. Егер ондай өлшем бірлігімен өлшеуге келмейтін болса, өзіңіз шкала қойып алыңыз (мысалы, 1-ден 10-ға дейін);
Үшіншіден, діттеген мақсаттың жүзеге асырылатын мерзімі, яғни басталу, аяқталу уақыты көрсетілуге тиіс. Мұның өзі Сіздің қай деңгейде, қандай шапшаңдықпен жылжып келе жатқаныңзды айқындауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, мақсат қаншалықты үлкен болғанына қарамастан қолжетімді болуы керек;
Бесіншіден, ондағы істер тек тікелей Сіздің болашағыңызбен байланысты болуы шарт.
Осыдан кейін барып мақсатқа жеткізетін міндеттер белгіленіп, оларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстардың мерзімдері көрсетілген жоспар құрылуы тиіс.
Жоспарға, ондағы жұмыстарды жүзеге асыруға қатысты құралдар мен әдістер, қаражат пен мүмкіндіктер өз басына бөлек әңгіме. Біз бұл туралы кейін кеңірек тоқталатын боламыз…
Сонымен, АРМАНҒА қол жеткізу үшін ол міндетті түрде МАҚСАТҚА айналуы шарт.
Ал мақсаты жоқ адам бола ма? Әрине! Арманынан адасып қалған адамда мақсат болмайды. Ал мақсат болмаған жерде іс оңға баспақ емес. Машинаңызға от алдырып, бірақ қайда баратыныңызды білмейтін жағдайды елестетіп көріңізші. Мұнда да тура осындай. Бұл турасында Сенека: «Қай айлаққа баратынын білмейтін адамға ешқанда жел жолсерік бола алмайды», – деген. Мұндай жағдайда не істемек керек? Қол үзіп қалған арманмен қайта қауышып, оны мақсатқа айналдыру керек.
"Сізді мақсатыңызға жетелейтін жоспарыңыз бар ма?" деген сауалға елдің басым көпшілігі: «Егер менде жеткілікті ақша болса, мен, әрине, жоспарды қатырар едім», – дейді екен. Бір қызығы, бизнесті өз мақсатына жетуге құрал ретінде пайдаланатындардың барлығы мұндай тұжырыммен келіспей, қайта әлгіге туар қарама-қарсы пікірді ұстанады: «Егер сенің жақсы жоспарың болса, мақсатыңа жетуге де, бай болуға да болады».
Арманды мақсатқа айналдыру тәсілі:
Егер өз өміріңізге оң өзгерту енгізем десеңіз, осы жерден бастап қолыңызға қағаз, қалам алып жазуыңызға болады. Абзалы, Сізге ешкім кедергі келтірмейтіндей оңаша және ыңғайлырақ жайғасыңыз.
Мынадай жағдайды елестетіңізші: Сізде ойыңызда жүрген істеріңіздің барлығын жүзеге асыратын мүмкіндік бар делік. Яғни, сіз ештеңеден тарлық көрмейсіз, себебі сізде не қалағаныңыздың барлығына қол жеткізерлік ақшаңыз бар. Осы жағдайда сіз алдағы 10 жыл өміріңізге нендей өзгеріс енгізер едіңіз? Дәлірек айтсақ, мынадай екі сауалға жауап беру керек:
А) Нені жүзеге асырар едіңіз?
В) Немен айналысар едіңіз?
Қолыңыздағы қағазға бірінен кейін нөмірлеп "мынаны істер едім, мынаны тындырар едім, мынаны сатып алар едім, мына елге барар едім" деген секілді көкейіңізде жүрген (егер жүрмесе, қазір ойлап табыңыз) істерді тізбектеп жазыңыз. Оны қалай жүзеге асырам деген ой Сізде болмауы керек, себебі ақшаңыз жеткілікті, денсаулығыңыз, құдайға шүкір, жақсы. Тоқатамай жаза беріңіз: 10, 20, 30 … 50 іс-шара. Шамамен 20 минуттай. Әр істің тұсына 1, 3, 5, 10 жыл деп орындалу мерзімін көрсетіп қойыңыз. Әрі қарай оқымай осыны бір жазып шығыңызшы.
Сөйтіп, 20 минуттың ішінде Сіздің тізіміңізде біраз істер жинақталып, жазылып қалды. Солай ма? Неғұрлым көбірек жазсаңыз, бұл Сіздің өмір қиындығынан қаймықпайтыныңызды білдіреді. Тізім неғұрлым қысқа болса адамның өзіне деген сенімінің қажет жағдайдан төмен жатқанын көрсетеді.
Әр істің тұсында 1, 3, 5, 10 цифрларын қоюды ұмытпаңыз. Енді осы жасалған тізімнен ең керекті, ең маңызды деген істерді белгілеңіз және оныңыз мерзімдерге шаққанда бірдей болғаны абзал. Мысалы, 1 жылдық істерден – 3, 3 жылдық істерден – 3, 5 жылдық істерден – 3 және 10 жылдық істерден – 3. Мұндағы «3» саны орташа алынып отыр. Егер сіздің тізіміңіз 40 немесе 50 істен тұратын болса төртеуден, егер істеріңіздің ұзын саны 15-20 дан аспаса екеуден де алуға болады. Негізі, жалпы саны 12-16 аралығында болғаны тиімді. Егер Сіз осы соңғы белгігендерді шынымен Сіз үшін аса маңызды деп есептейтін болсаңыз, міне бұл Сіздің осы жылдар аралығындағы негізгі мақсатыңыз болып есептеледі. Ендігі жерде осына қалай жүзеге асырудың қамына кірісу керек.
Енді осы соңғы тізімдегі әр іске жеке-жеке тоқталып, олар туралы толығырақ жазу керек. Мысалы, сіздің мақсатыңызда алдағы бес жылдың ішінде белгілі бір қаланың шет аймағынан үй салғыңыз келсе, ол туралы толығырақ жазыңыз. Неше қабат, неше бөлме, шамамен қаланың қай ауданында, т.с.с. Осылайша, әр ісіңізді бөлек-бөлек жазып шығыңыз. Бәлкім, Сіздің жазғаныңыз керемет емес шығар, бірақ бұл Сіздің ойыңыз, бұл Сіздің жоспарыңыз. Оны сіз ешкіммен бөлісуге міндетті емессіз. Әр істі бірнеше шағын істерге бөліңіз және уақыт өткен сайын өзгерістер енгізіп отырыңыз. Бәрі Сіз ойлағандай жүрмеуі мүмкін. Бұл заңды, бұл дұрыс. Ондай жағдайда қалайда алға жылжи беруді ойлау керек. Тоқтап қалмау керек.
Міне, өйтіп Сіз сонау адасып қалған арманыңызға қайтып оралдыңыз. Оралып қана қоймай, оны мақсатқа айналдырдыңыз. Ендігі жерде оны жүзеге асыруға байланысты Сізді ең жауапты, ең күрделі, ең қызық кезең күтіп тұр.
АРМАН-ӘЛЕМІҢІЗГЕ СӘТ САПАР!
 
Әбутәліп ӘМІР,
оқытушы,
бизнес-тренер

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓