ҰШПАҚҚА БАСТАР ҮШ БАҒЫТ
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын білім беру кеңістігінде іске асыру барысы Қостанай облысында жоспардағыша жүргізілді. Қаржылардың игерілуі ғана көзделмей, өткізілер шаралардың мәні мен пайдасына баса ден қойылды.
Негізі, "Рухани жаңғыру" біз атаған салада "Тәрбие және білім" кіші бағдарламасы арқылы өрге жүзуі тиіс. Ал бұл кіші бағдарламаны "Өлкетану", "Отаным – тағдырым", "Саналы Азамат" аталатын үш бағыт алға жетектейді. Өткен жылдың осыған қатысты деректері өңірде өнімді жұмыс атқарылғанын айғақтап отыр. Соған рет-ретімен тоқталайық…
"Тәрбие және білім" кіші бағдарламасы аясында былтыр 103 жоба өткізу жоспарланып, оның 89-ы және тізімге алынған 585 іс-шараның 498-і жүзеге асқан. Тұтастай алғанда, осының барлығына облыс бюджетінен және меценаттардың жұмылдырылуымен 213 млн теңге жұмсалыпты.
Облысқа қарасты аудандар мен қалалардың бюджетінен бөлінген қаржы да мақсатты жеріне жеткен. Айталық, Амангелді, Жітіқара, Қарасу, Федоров аудандары мен Лисаков қаласы қазынасынан 11 млн теңгеден шығындалса, Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл және Таран аудандарының қорынан 8 млн теңгеден қарастырылған.
Енді, "Тәрбие және білім" кіші бағдарламасының үш бағытына жеке-дара назар салайық. Ең әуелгі "Өлкетану" базалық бағытын іске асырудағы негізгі мақсат – өлкетану білімін және музейлік педагогиканы ілгерілету арқылы әр азаматтың туған жерлеріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдері ояу. Бұл жалаң сөз, арзанқол акциялар деңгейінде қалған жоқ. Нақты, көзге көрініп, көңілге түйілетін шаруалармен қуатталды.
"Соның бір мысалы – 5-7 сыныптарға арналған "Өлкетану. Қостанай облысы" қосымша оқулығын жасайтын шығармашылық топтың құрылуы. Бұл топ былтыр қазан айында жасақталған-тын. Аталған оқулық "Оқулық" мемлекеттік орталық (МҒПО) сараптамасынан өтіп, тамыз кеңесі кезінде педагогтарға таныстырылған еді. Қазіргі уақытта ол тираждалуға даяр. Алматы қаласындағы "Атамұра" баспасына жеткізілген. Мұны іске асыруға 11,9 млн теңге қажет", – деген еді жыл айрығында облыс әкімдігінде есеп берген білім басқармасының басшысы Қ.А. Каткенов бұл туралы нақтылап.
Аталған бағыт аясында музейлік педагогиканы дамытуға былтыр ерекше екпін қойылыпты. Бұл үшін мектептердегі мұражайлар саны артқан. Сандарға сүйенсек, облыс көлемінде 115 мектеп музейі болса, өткен жылы оларға тағы 49-ы қосылған екен. Сәйкесінше, экспонаттар санағы да 12 мыңға ұлғайып, 43 мыңға жетіп-жығылған. Оқу ошақтарында жәдігерлер бөлмесін ашқан аудандар – Амангелді, Әулиекөл, Жітіқара, Меңдіқара, Науырзым, Таран. Бұлардың мәнісі де жергілікті жерде қалып қоймайды. Өзара сайыстарға түсіп отырады. Былтыр мектеп музейлері арасында сырттай республикалық байқау өтіп, Қостанай қаласындағы физика-математикалық лицейдің өлкетану музейі 1-орын иеленген болатын. Бұл да өзге "әріптестерін" қанаттандыра түсер жетістік.
Оқушылар арасындағы іздеу отрядтарының қатары қалыңдай түскені де байқалады. Нақ солардың күшімен мектеп музейлерінің қоры жасалып жатыр. Ал бұл аспектіні күшейту мақсатында 5,7-сынып оқушыларын Қазақстан тарихы, география, әдебиет пәндерін музей базаларында, тарихи нысандар маңында өткізу тәжірибелері қолданылған. Деректерге сенсек, былтыр 1-5 сағат бойы осындай 680 сабақ өткізіліпті. Бұған облыстағы аталған сынып оқушыларының 70%-і қатысқан.
Одан кейінгі "Отаным – тағдырым" базалық бағытының басты көздейтіні – ел келешегінің тұтқаларын азаматтық пен патриотизм деңгейін көтеру. Енді өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртелік… Былтыр облыс аумағында 4 мыңнан астам бала 174 әскери-патриоттық бірлестіктің құрамына енген. Сондай-ақ, Әскери-патриоттық балалар мен жасөспірімдер бірлестіктерінің халықаралық форумы өтті. Оған 3,6 млн теңге жұмсалып, 153 оқушы қатынасқан. "Жас әскер" және "Айбын" әскери-патриоттық клубтарының облыстық слеттерін де маңызды шаралар қатарына қосуға болады.
Осы жылы да кішкентай отансүйгіштер үшін үлкен шаралар өткізу жоспарланып отыр. Наурыз айында Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай облыстық сап түзеу және ән фестивалі өтпек. Бұл шараға 1 млн теңге жұмсалатынын да мамандар нақтылай кетті. Мұның сыртында, мамыр-маусым айларында "Номад" аймақтық ӘПК-ның облыстық оқу-жаттығу жиындары, "Айбын" ӘПК облыстық слеті салтанат құрмақ.
Соңғы бағыт – "Саналы Азамат" – мектеп, колледж түлектерінің тұлғалық, кәсіби бәсекелестіктерін арттыруды мақсат қылған тармақ. Мұның жұмысы WorldSkills стандарты арқылы кадрлар даярлау жүйесін құруда айқын аңғарылды. Дәлірек айтқанда, ең маңдайалды шара жыл сайынғы облыстық "WorldSkills Kazakhstan" чемпионаты болды. Жыл сайын әлеуеттеніп келе жатқан жарыс биыл 15 кәсіп бойынша өткізіліп, қатысушылар саны да едәуір артты. Жеңімпаздар осы жылы Қазан қаласында өтетін халықаралық чемпионатта ел намысын қорғамақ.
Жастардың кәсіби бейімі мен цифрлық технологияға деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында "Озат" ІТ-лицейдің ашылғанын да айта кеткен жөн. Бұған қоса, әр аймақта ауқатты азаматтардың демеушілігімен 23 робототехника бөлме, 28 ІТ-сынып ашылған. Бұларға жұмсалған қаржы көлемі 300 млн теңгеге жуықтайды. Міне, мұның бәрі – саналы, заман талабына сай білім алған, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған, болашақтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Білім беру кеңістігінде атқарылар міндеттер, тапсырмалар, жоспарлар салмағы уақыт озған сайын ауырламаса, жеңілдемейтіні анық. Оның бір ғана мысалы – өткен жылғы "Рухани жаңғыру" ұзақ мерзімді бағдарламасының жалғасы ретінде елбасының "Ұлы Даланың жеті қыры" атты мазмұны терең мақаласы халыққа жол тартып, жаңа мақсаттарды айқындап беріп отыр. Осыған орай, облыстық білім басқармасының мәліметтеріне жүгінсек, биыл "Қостанай облысы: ұлттық қайнарларды тану" атты өлке руханиятын тұтастай зерделеуге арналған кең ауқымды жобаны іске қосу жоспарға алынды. Бұған барлық орта, кәсіптік, жоғары білім беретін мекемелер жаппай жұмылдырылмақ. Мұның сыртында, біз атап өткен бағдарламалардың қай-қайсысының да қадағалаудан тыс қалмайтыны тағы белгілі.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттер интернеттен алынды