Көңілді тапқырлар сайысы

Демалыс күндері Тобыл кентінің «Думан» мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасындағы КТК ойындарының жартылай финалы өтті. Оған Таран ауданының 6 командасы қатысып, екі кезең бойынша бақтарын сынады.ктк
Сәлемдесуді №1 Таран орта мектебінің «Переулок Майлина» командасы ашты. Көңілді тапқырлар сахнада өздерін еркін ұстап, қағытпа қалжыңымен көрерменді баурап алды. Одан кейін аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебінің намысын қорғаған «Таран kz» пен «Бейімбет ұрпақтары» құрамасы да әзілден құр алақан еместіктерін іс жүзінде дәлелдеді. Жастар сөз арасында қоғамдағы түйткілді мәселелерді де астарлауға тырысып бақты. Мәселен, Набережный ауылының «Қазақ жастары» өз мектептеріндегі директорлардың жиі ауысуын сынға алса, Асенкритовтың «DeMix» құрамасы Варваринка ауылынан келіп оқитын оқушылардың мұңын жырлады.
«Бір елдің балалары» деп аталған үй тапсырмасы кезеңінде көп командалар осалдық танытып, тақырыптан ауытқып кетті. Сондықтан ережені сақтамаған тобылдық «ДДТ» мен тарандық үш команданың ұпайын әділ қазы алқасы төмендетіп қойды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойынның әдеттегідей аудан орталығында емес, Тобыл кентінде өтуі тегін емес. Өйткені «Думан» мәдениет үйінің «сырты бүтін көрінгенімен, іші түтін».
– Біз жеті мыңға жуық тұрғыны бар кенттегі жалғыз мәдениет ошағының бүгінгі мүшкіл жағдайын жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлерге көрсету үшін ойынды осында өткіздік. Бірақ шақырылған қонақтардың көбі жастардың шарасына қатыса алмағаны өкінішті. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Мәдениет үйін жөндеуге қажетті қаржыны табудың басқа да жолдарын қарастыра береміз, – дейді Таран ауданының «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Гүлбарам Төлеубаева.квн
Екі сағаттық әзіл кешінің қорытындысы бойынша №116 Тобыл орта мектебінің «ДДТ» және Таран қазақ мектебінің «Таран kz» құрамасы финалға өте алмады. Қалған 4 команда шеберліктерін шыңдай түсіп, қараша айында Береговое ауылында өтетін ойынның ақтық мәресінде жолығатын болды. Ендеше, ауыл жастарына іске сәт дегіміз келеді!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓