Қостанайда Міржақып туралы сериал түсірілді
"Міржақып. Оян, қазақ" аталатын кинотуындының негізгі картиналары қала орталығында түсірілді.
Алты сериядан тұратын көркемфильмнің түсірілімі таяу күндері аяқталады. Соңғы әрі басты көріністерді таспалау үшін Қостанайдағы тарихи нысандар таңдалған. Кеше кешкі уақытта қала тұрғындары түсірілім алаңындағы "Міржақып заманын" сырттай тамашалады. Тіпті көпшілік көрініске қатысуға мүмкіндік алғандар да бар.
"Сериалға лайықты декорация таңдау үшін Қостанайға шілде айының аяғында келіп кеткен едік. Түсірілім жұмыстары 17 тамызда Алматыда басталды. Материалдың көбін сол қалада жинадық. Ал Міржақыптың еліне негізгі көріністерді түсіру үшін келдік", – дейді жобаның бас продюсері Айсәуле Әбілда.
Сериалдың режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін белгілі қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы жазған. Олар былтыр Ахмет Байтұрсынұлы туралы жобада да тізе біріктіре жұмыс істеген еді. Сценарий авторының айтуынша, жаңа сериалды Ахаң жайлы туындының жалғасы деп есептеуге болады.
"Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалында ойнаған актерлер осында да сол кейіпкерлерін сомдайды. Тек мұнда Міржақып алға шығады. Міржақыптың қайраткерлігіне баса мән беріледі. Сосын бұл – құжатты емес, тарихи бағыттағы көркем сериал. Тарихи тұлға туралы фильм түсіргенде не дерекке қарай, не көркемдікке қарай ауасың. Екеуін қатар ұстану өте қиын нәрсе. Біз көркемдік шешімдермен-ақ мың дерекке татитын ой айтуға тырыстық", – дейді сценарийші.
Ұлт ұстазы туралы жобаға айтылған сындардың бірі сериалдың Ахмет ауылында түсірілмегеніне байланысты еді. Ұларбек бұған байланысты да пікір білдірді.
"Егер уақыт пен қаржы жеткілікті болса, Торғайда жатып алып түсіруге болар еді ғой. Оған мүмкіндік аз. Жалпы, 20 жыл бұрын сериал түсіруге байланысты қабылданған тариф бар. Одан бері қаншама инфляция болды, дүние қалай өзгерді, зат қалай қымбаттады. Бірақ сол тариф өзгерген жоқ. Сонда да болса амалдап, жанымыз қалаған іс болғандықтан, ерік-жігерімізбен жұмыс істеп жатырмыз", – дейді ол.
Дей тұрғанмен, бұл жолы көпшіліктің сыны ескеріліп отыр. Бүгін аздаған түсірілім тобы Міржақыптық туған ауылы Қызбелге жолға шықты. Сол елді мекендегі түсірілімнен соң монтаждау жұмыстары басталады. Ал сериалдың алғашқы эпизоды 16 желтоқсанда экранға шықпақ. Оны "Qazaqstan" ұлттық арнасы көрсетеді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков