ҮЕҰ айыппұл арқалауы мүмкін
Өңірлік коммуникация қызметінің ақпарат алаңында «ҮЕҰ-ның республикалық дерекқорын қалыптастыру» тақырыбында Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Байменова мен «ГрИн» Қостанай облысының Азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваның қатысуымен брифинг өтті.
2016 жылдан бастап, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйке,с үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті органға, яғни ҚР Қоғамдық даму министрлігіне өз қызметі туралы есеп беруге міндетті. Бұл ҮЕҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және олар туралы жұртшылықты ақпараттандыру мақсатында жасалады. Үкіметтік емес ұйымдар өз қызметі туралы ақпаратты қағаз және электронды түрде қолма-қол немесе «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы бере алады. Сондай-ақ, ақпаратты ЭЦҚ-қолтанба және интернет жүйесі арқылы тікелей infonpo.kz ақпараттық порталына жіберуге болады. Міндетті шарт: ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілу керек. Infonpo.kz порталында мәліметтерді берудің қадамдық бейненұсқаулығы бар.
–2017 жылы дерекқорға мәліметтерді 171, ал 2018 жылы 367 ұйым жіберген болатын, бұл жұмыс істейтін ұйымдар санының 82% құрады (446 ҮЕҰ). Осылайша, тіркелген ҮЕҰ саны 2 есеге өсті, алайда бұл 100% көрсеткіш емес. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қостанай облысында 867 ҮЕҰ бар, оның ішінде жұмыс істейтіні – 586 ұйым немесе 67,6%. Мемлекеттік кірістер органдарында қызметін тоқтатқандары – 148 ҮЕҰ (17%), жойылу сатысында – 47 ұйым (5,4%). Өз қызметін тоқтатқан және жойылу сатысындағы ұйымдар дерекқорға есеп тапсырмайды, – дейді Зәуре Әнуарбекқызы.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 489-1 бабына сәйкес Дерекқорға уақытылы ұсынылмаған немесе ұсынбаған жағдайда, бірінші заң бұзышылық үшін ескерту түрінде жаза қолданылады. Егер де әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 25 айлық есептік көрсеткіш (63125 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе қызметі 3 ай мерзімге тоқтатылады.
Ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша, бірнеше ұйымға ескерту берілген. 2019 жылы қайта бұзылған жағдайда бұл ҮЕҰ айыппұл төлеуге тиіс. 2017 жылы деректер базасында Қостанай облысынан 271 ұйым тіркелді, 2018 жылы жұмыс істеп тұрған 446 ҮЕҰ-ның 367-сі мәліметтер базасына жіберілді.
Мәселен, 2018 жылы Қостанай облысында (Қостанай, Федоров аудандары, Қостанай, Рудный қалалары) 16-ы ҮЕҰ төрағаларына сот шешімі бойынша ескерту жасалды. Егер ағымдағы жылы заң бұзушылық қайталанатын болса, оларға айыппұл салынады немесе қызметі тоқтатылады.
Жалпы алғанда, әрбір азамат Infonpo.kz ақпараттық порталында жарияланған ҮЕҰ дерекқоры арқылы сұрау салу арқылы нақты үкіметтік емес ұйым туралы қажетті ақпаратты https://www.infonpo.kz/ сайтынан ала алады.
Әсел Қибаш