6 бала қызылша жұқтырған

Қостанайда жыл басынан бері мектеп жасына дейінгі балалар арасында қызылша ауруының алты жағдайы анықталды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қарлығаш Әленова мәлімдеді. кызылша

Бас дәрігердің айтуынша, бір жарым жасқа дейінгі барлық ауырған бала қызылшаға қарсы екпе қабылдамаған. Мәселен, 1 жасқа дейінгі үш бала әлі вакцинация жасына жетпеген, ал 1 жастан 1,5 жасқа дейінгі үш бала әр түрлі себептермен егілмеген.
-Барлық ауырған баланың Астана қаласы мен Ақмола облысында болған кезде қызылша жұқтырғандығы нақтыланды. Алты баланың біреуі үйіне шығарылды, ал қалғандары әлі ем қабылдап жатыр. Қостанайда балалар арасында жаппай жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ, – дейді Қарлығаш Қаратайқызы.
Қазіргі уақытта Астанада, Ақмола облысында және бірқатар өңірде қызылша аурушаңдығы деңгейінің артуы байқалуда. Сондықтан, дәрігерлер ата-аналарға бұл өңірлерге балаларымен әзірге барудың қажеті жоқ екенін ескертеді.
Қызылша – өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері –дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелердің пайда болуы. Аурудың инкубациялық кезеңі 7-ден 21 күнге дейін созылады. Асқынып кетсе, қайғылы жағдайға, не баланы мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін. Әрі бұл дертпен балалар ғана емес, ересектер де сырқаттануы мүмкін дейді дәрігерлер.
Елімізде өткен жылдың қараша айынан бастап 968 расталған қызылшаның жағдайы тіркелген, оның ішінде 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Ал, сырқаттардың 67%-ы қызылшаға қарсы екпе қабылдамағандар екен.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓