Еңбекторы

15 қараша – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні. Осы атаулы датаға орай, аталмыш салада ұзақ жыл тынымсыз жұмыс атқарған Еңбек ардагері, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Еңбек Даңқы» ордендері мен бірнеше облыстық, республикалық медальдің иегері Асқар Қожағалиұлы жайлы сөз етпекпіз. Аға буын өкілін жоғары дәрежеге жеткізген – адал еңбек.1 материал Image 2020-10-28 at 12.12 (1)
Ол қара жұмысқа қаршадайынан араласты. Тың игеріліп жатқан далаға білек сыбанып барғанда ол небәрі он үш жасында еді.
«Әке-шешемнің денсаулығы нашар, даладағы жұмысқа жарамады. Солардың орнына жұмысқа шықтым. Техникаға қызығып, ең бірінші Т20 тракторына мініп көрдім. Ақырын-ақырын басқа техникаларды да меңгере бастадым. Сөйтіп, шопырлық оқып алдым. Одан кейін комбайнға отырдым», – дейді ол.
Білікті маман өңір делегациясының құрамында талай жиындарға, партия конференцияларына қатысып, ауылдағы мәселелерді шешуге, шаруашылықтарды дамытуға да атсалысты. Бірнеше жыл депутат та болды. Әр жыл сайын «Өндіріс озаты» төсбелгісін тағынатын. Оның сыртында облыстан, республикадан алған мақтау қағаздары мен алғыс хаттары қаншама.
«Менің түсінігімде артта қалу деген ұғым болған емес. Үнемі алдыңғы қатарда жүрдік. Аграрлық салада аянбай тер төккеніміз бағаланып, «Урал» мотоциклін сыйлады бір жылы. Шетелдерге жолдама беріп, талай жерді көріп келдік. Кеңес дәуірінде Мәскеуде жылма-жыл өтетін халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне бірнеше мәрте шақырылдым. Мемлекеттік телеарналардың бағдарламаларына үздік механизатор ретінде кейіпкер болып қатысқаным да есімде», – дейді Асқар ағамыз.
Жұбайы Бақытжамалмен елу жылдан астам отасып, екеуі бес баланы өсіріп жеткізді. Ұл-қызының бәрі де жоғары оқу орнын бітірген, қазір әрқайсы өз алдына бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр.1 материал Image 2020-10-28 at 12.12 (2)
Еңбек ардагері Меңдіқара ауданында туып-өскен. Сонда отау құрып, тамырын тереңге жайды. Табысты жұмысымен елге танылды, өңірге сыйлы азамат атанды. Бүгінде Тобыл қаласының тұрғыны. Мұнда да елеусіз қалған емес. Ауыл шаруашылығына қатысты салтанатты шаралардың құрметті қонағы болып жүр. Оның қалтқысыз еңбегін қатарластары да, өзінен кейінгі буын да жақсы біледі. «Ердің атын еңбек шығарар» деген осы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓