Тараптар тайталасы
Отандық кәсіпкерлер медициналық қызметпен айналысу үшін лицензия ала алмай жүр. Бұған құзырлы орындардың негізсіз бас тартуы себеп. Облыста жыл басынан бері 125 өтініштің 20-сы кері қайтарылған. Медициналық және фармацевтикалық қызмет түрлерін бақылау департаменті жеке клиникалардан не себепті бас тартып отыр? Оның көпшілік біле бермейтін құпиясы бар ма?
Талдау нәтижелері көрсеткендей, мұндай жағдай Алматыда (95%) және Нұр-Сұлтанда (52%) тіркелген. Біздің облыста бұл көрсеткіш пайызға шаққанда 16-дан аспайды. Алайда, кәсіпкерлердің сөздерінше, қордаланған мәселені талқылау қажеттігі әбден пісіп-жетілген. Өйткені, олар заңнамадағы соңғы өзгерістер бизнестің табысына қатты әсер етуі мүмкін деп есептейді. Алдын ала есептегенде, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 29 қазандағы №167/2020 бұйрығы шағын клиникаларды жарақтандыру шығындарын 50-70 млн теңгеге арттырғанын көрсетеді. Кәсіпкерлер артық санап отырған қажетті жабдықтың жоқтығы лицензия беруден бас тартуға негіз болған. Оның үстіне құжаттарды дұрыс толтырмау себебінен, көп жағдайда өтініштер қабылданбайды.
"Негізсіз дау-дамайды болдырмау үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментімен бірлесіп, лицензия алуға қажетті материалдарды дайындау бойынша бизнес субъектілерін оқытуды ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта да біз туындаған барлық сұрақтарға жауап беру үшін осындай кездесулерді өткізетін боламыз", – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетов түсіндіргендей, кәсіпкерлердің өтініштері үш жағдайда қанағаттандырылмауы мүмкін. Біріншісі – ұсынылған құжаттардың немесе олардағы деректердің дұрыс болмауы жағдайында. Екіншісі – көрсетілетін қызметті алушының немесе ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі. Үшіншісі – медициналық ұйымға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, соның негізінде ол лицензиядан айырылған.
"Сонымен қатар, өтініштер ҚР Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ 167/2020 "Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарын бекіту туралы" бұйрығы негізінде медициналық жабдықты жарақтандыруға сәйкес қаралады. 2021 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың 30-наурызына дейін Департаментке мемлекеттік қызметті алуға 125 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 20-сына рұқсат құжаттарды беруден бас тартылды. Он алтысы біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, үшеуі рұқсаттық бақылау нәтижелері бойынша бас тартылған, біреуі дұрыс берілмеген. Біз ашық әңгімеге әрқашан дайынбыз. Бұйрыққа өзгерістер енгізу бойынша бизнестің барлық ұсыныстары қаралатын болады", – деді Орал Бекмағамбетов.
Кеңес қорытындысында кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ олардың құқықтарын бұзу тәуекелдерін азайту туралы шешім қабылданды.