Ерен жігіт

Қостанай қаласындағы №1 Өрт сөндіру бөлімінің 24 жастағы өрт сөндірушісі Дамир Байжарасов ерлік пен батырлық көрсетті.IMG-20190104-WA0006
14 желтоқсан күні сағат 15:55-те бөлімнің байланыс бекетіне дәліз үлгісіндегі көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтер өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған мекенжай бойынша кезекші қарауыл құрамы 3 минуттан кейін оқиға орнына жетті. Дереу барлау жүргізіп, үшінші қабаттағы пәтердің отқа оранғанын анықтады. Төртінші және бесінші қабаттарды жайлаған түтін тұрғындардың далаға өздігінен шығуына мұрша бермеген. Барынша бас сауғалауға тырысқандар сол сәтте есінен танып, дәліздерде талықсып жатқан. Мұның соңы өлімге әкеп соқтыруы мүмкін еді…
Қауіп туралы ойланып тұрмай, жалма-жан қорғану газқағарларын киіп, жапа шегушілердіқұтқаруға кірісті. Әрбір секунд бағалы. Төртінші және бесінші қабаттар қою түтіннен көрінбейтін. Сондықтан мейлінше ширақ қозғалуға тура келді. Құтқарушылар шарасыздық тұтқынында қалған адамдарды дәліздерден де, пәтерлерден де тапты. Дамир Байжарасовтың және оның әріптестерінің батыл және жанкешті іс-әрекеттерінің арқасында қауіп-қатердің беті ары қарады. Тілсіз жау құрсауынан 9 адам ес-түссіз күйде тысқа шығарылды. Оларға жедел медициналық көмек берілді. Жәбірленушілердің ішінде 7 адам тірі қалды. Өкінішке қарай, екі адам қаза болды. Алапат өрттен барлығы 27 адам құтқарылды.5129c93e5b6d4e0be1a646e99cdc8c2c
«Эмоция көп, қиын болды, қорқыныш болды. Қиын да болса, тез шешімдер қабылдап, уақытын жоғалтпай, тұрғындарды құтқару ғана ойымызда болды. Жұмыс кезінде шаршауды сезінбейсің, адамдарды құтқарасың. Бәрі біткеннен кейін түсінетінің болмаса, алас-күлесте өзің туралы ойлау деген болмайды. Менен көп еңбек еткен әріптестер бар. Бұл менің еңбегім ғана емес. Кадрға іліккенім болмаса, бәріміз тең дәрежеде жұмыс істедік», – дейді Дамир.
Дамир Байжарасов 1994 жылы 1 маусымда Меңдіқара ауданы Боровской ауылында дүниеге келген. 2014 жылы Қостанай автомобиль көлігі колледжін техник-механик мамандығы бойынша бітірді. Азаматтық қорғау органдарында 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Осындай қысқа уақыт ішінде өзін сауатты, мақсатты және атқарушы қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсете білді. Мінезі қарапайым, мейірімді, жайсаң-жайдары, кім-кімге де қол ұшын созуға даяр тұратын адам.IMG-20190104-WA0005
Олардың ерлігін қоғам қашанда бағалайды. Ал құтқарылғандардың, олардың туған-туысқандары мен жақындарының қуаныш жасы мен алғыс сөздері – олардың қажырлы еңбегі үшін берілген ең үздік марапат. Бүгінгінің батыры Дамир бұл жеткен жетістіктерімен тоқтамай, ел игілігі үшін табанды жұмыс істейтін болады деп сенеміз.
 
«Қостанай облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ баспасөз қызметі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓