ӨНЕРДІҢ ШЫҢЫНА ҚОЛ СОЗҒАН
Ел ішіне жиі сапарлап шыққанда қойын дәптерімізге түртіп алатын жәйттер аз кездеспейді. Бір жолы Қамысты ауданының "Алтынсарин" ауылына барған сапарымызда бұрын естімеген ерекше дауыстың иесін жолықтырдық. Қарапайым ғана ауыл баласы. Бірақ, туа бітті үлкен сахна үшін жаратылған жандай көрінді бізге.
– Ойпырым-ай, мынау бір болайын деп тұрған бала ғой, – деп тамсанды әлгі жерде тұрғандардың бірі.
– Дауысы ерек екен, бұл кім өзі? – дейді ауыл тұрғындары бір-біріне. Бізді де осындай бір әуестік жеңді де, жас әншіні тереңірек танып-білуге құмарттық.
Шындығында, хас таланттар осындай шағын ауылдардан шығады емес пе. "Сіз тілші болсаңыз міне осы жігітті жазсаңызшы,– деді менің қасымда тұрған Сабыр есімді ауыл азаматы. Несі бар, жазсақ жазармыз…
Одан бері де бірталай уақыт өткен. "Тамағында бриллианты бар" бозбала туралы бейтаныс ауыл азаматының айтқаны ойда жоқта сап етіп есіме түсті.
Қамыстылық Бекарыс Тойшан өнерлі отбасының тұңғышы екен. Оның әкесі Досбол Қашқынбаев өзінің ақадал еңбегімен елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген жайсаң жан көрінеді. Бейнелі түрде айтсақ, нағыз сегіз қырлы өнер иесі. Спортпен де шұғылданады, өнерге де етене жақын. Біз өзі ғана емес, бүкіл отбасы болып өзі тұратын өңірдің абыройын асқақтатып жүрген азамат. Жары Эльмира екеуі алтын асықтай төрт бала тәрбиелеп өсіріп, оларды да өнер мен спортқа баулыды. Бұл енді өнегелі отбасы иелерінің о баста ата-анасынан дарыған қасиет екендігі даусыз. Қарт Торғайдың даласынан түлеп ұшқан ерлі-зайыптылар өз бойларындағы ізгі қасиеттерін балаларының бойына сіңіре біліпті. Балалары да ата-ана тәрбиесін ақтап, өмірден өз жолын табуға талпынып келеді.
– Менің өнердегі жолым сазгер Болат Хамзин атындағы музыкалық мектептен басталды,– дейді Досбол.– Сонда бес жыл оқыдым. Одан кейін білімімді одан әрі қарай жетілдіре түсейін деп Арқалықтағы музыка училищесіне түстім. Осының бәрі менің өміріме азық болды. Өнердегі алғашқы қадамымды ұштаған Жанкелдин ауданына шексіз қарыздармын.
Досбол Тойшанұлының өзі аудандық, облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы, кәсіби домбырашы. Әлбетте, шын өнер иесінің бар ғұмыры ізденіссіз болмайтыны бұлжымас қағида. Соның нәтижесі болар, 2000 жылы ерлі-зайыпты Қашқынбаевтар алғаш рет үлкен сахнаға дуэт айтып шыққан еді. Досбол мен Эльмира қосыла ән шырқағанда көрермендер қосыла кететін. Балалар ер жеткенше екеуі қол ұстасып жүріп, талай сахнаның сәнін жарастырған. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сол кезде 11-сыныпта оқитын Бейбарыс пен 4-сыныптағы Айжұлдыз, Томирисінің томағасын сыпырып, өнер сахнасында тұсауын кесті. Содан бері Қашқынбаевтардың отбасылық ансамблінің даңқы алыстарға кетті. Бұл күнде Бейбарыс Тойшан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 1 курс студенті. Облыс көлеміне танымал әнші. "Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді" деген халқымыздың қашандағы бойына сіңген асыл ғадетін Қашқынбаевтардың әулетінен іздесек асылық етпес. Бейбарыс– облыстық "Таңғы жұлдыз", "Музыкальный капель" байқауларының бірнеше дүркін лауреаты. Облыстық "Наследники победы" байқауының жеңімпазы және "Қостанай әуендері" фестивалінің бас жүлдегері.
"Айқайлағанның бәрі әнші емес…" деген сияқты, Бекарыстың дауысында жүректің қылын шертетін ерекше бір әуезді үн басым. Оны өзге әншілерден ерекшелендіріп тұратыны да осынысы.
– Әнші болуды бала күнімнен армандадым, аға,– деп ағынан жарылды Бекарыс,– Бұған енді ата-анамның ықпалы болған шығар. Өйткені, біздің кішкентай кезімізде екеуі әдемі жұп құрып, аудандық, облыстық дәрежедегі түрлі байқауларға қатысатын. Соның шет жағасын көріп өскен соң ба, біздің де өнерге деген ықыласымыз ауды. Өзімнен кейінгі қарындастарым Айжұлдыз бен Томирис те өздерінің жастығына қарамай, аудандық, мектепішілік байқауларда жеңімпаз атанып үлгерді.
Жоғарыда Қашқынбаевтар өздерінің отбасылық ансамблін құрғанын айттық. Үйелмелі-сүйелмелі балаларын жетектеп өнер-дің ауласына отау тіккен отбасының қол жеткізген аз-кем жетістіктерін тілге тиек еткеннің артықтығы жоқ. 2001 жылы Досбол мен Эльмираның облыстық білім департаменті, білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақтар комитеті ұйымдастырған байқауда жеңімпаз атанғаны өз алдына, кейінгі төрт-бес жылда Қашқынбаевтар отбасылық ансамблінің еншілеген жеке табысы тағы қомақты. 2010 жылы Лисаков қаласында өткен "Дала әуендері" байқауында жеңіске жеткен. Одан кейін араға жыл салып аудан мен облыстық "Мөлдір бұлақ" байқауында тағы олжа салды. Сол жылы Қостанайда, "Таңғы жұлдыз" байқауында тағы топ жарды. Жітіқара қаласында өткен аймақтық отбасылар байқауында Қашқынбаевтар әулеті жеңімпаз деп танылды.
Д.Қашқынбаевтың отбасы шалғай өңірдегі өнердің өріс алуына себепші болған осындай азды-көпті жетістіктері үшін аудан әкімі-нің Алғыс хатымен марапатталыпты. Айтпақшы, былтыр өткен облыстық "Мерейлі отбасы" байқауында олар облыс әкімінің арнайы дипломымен аталып өтілген. Сол жолы сахна үстінде аймақ басшысы Нұралы Садуақасов Досболдың қолын алып тұрып: "Қазақтың өнерін дамытамын десеңдер, мұнымен тоқталып қалмаңдар. Ол сендердің қолдарыңнан келеді",–деп ағалық тілегін айтқан еді.
Осындай өнерлі отбасында тәр-биеленген жеткіншектерді қалай дәріптесе де жарасымды.
– Бейбарыс ән десе ішкен асын жерге қоятын талантты да, талапты бала. Өзінің сыңғырлаған әсем дауысымен бүкіл жұртшылықты өзіне баурап, өлең айтып аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүл-делі орындарға, мақтау қағаздарына ие болып жүр. Ал, кішкентай Айжұлдыз пен Томирис те өз сыныптастарының алды,– дейді Қамыстыдағы №2 қазақ мектебінің директоры Алма Ысқақова, – Айжұлдыз аудандық "Әнім болып қалықта – еркіндігі елімнің" атты байқауда ең алғаш өнер табалдырығын аттағанында-ақ көрермендердің қошеметіне бөленді.
Облыстың шалғай бір ауданында тұрса да өнер атты ұлы көшке ілескен біз білетін жарқын істері осындай.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Қамысты ауданы.
Суреттерде: жас әнші Бек-арыс Тойшан өнерлі қарындастарымен.
Суреттер отбасылық мұрағаттан алынды.