Не бөлісе алмады?
Жітіқара ауданында қайғылы оқиға болды. Бір мезетте әйел адам мен ер кісі жантәсілім етті. Бірге тұратын бұл жұпқа қатысты осыған дейін де төтенше оқиға жария болған еді. Қараша айында қаладағы №4 шағын ауданда екеуара жанжал ушыға келе әйел көпқабатты үйдің балконынан секіріп кетпек болып, ілініп қалған болатын. Оған полицейлер барып көмектесіп, құтқарып қалған. Бұл жолы олардың бейберекет ұрыс-керісі қайғылы аяқталды.
Оқиға дәл сол пәтерде болған. Ер адам өзімен бірге тұратын сол әйелді өлтіріп, ізін ала өзінің өмірін қиған. Ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Мәліметте марқұмдардың мүрдесі 19 желтоқсанда табылғаны, трагедиялық жайттың жай-жапсары анықталып жатқаны айтылады. Сараптама құрылды.