Шалғай ауылдағы шиномонтаж
Елді мұндай жаңалыққа кенелтпес бұрын, 26 жастағы Ерболат Досов, Асылбек Қожамжаров, Бексұлтан Мырзахан сынды ауыл азаматтары “Жас проджект” жобасына қатысып, 1 млн теңге ұтып алған. Олар өзара ақылдаса келе ауыл ортасынан “Шиномонтаж” ашуды шешіпті. “Жас келсе – іске” демекші, бұл үш азаматтың алға қойған мақсатқа қол жеткізулеріне еш кедергі болмады. Алдымен дөңгелек жөндеуге қажетті станок, компрессор және басқа да қажетті құрылғыларды облыс орталығынан сатып алған. Қолынан іс келетін азаматтар алғашқы күні көлігі бар ауыл тұрғындарына тегін қызмет көрсеткен. Жергілікті тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Ауылда жұмыссыз жүрген еңбекке талпынысы бар үш жігіт осылайша өзді-өздерін жұмыспен қамтыды. Келешекте олар кәсіптерін одан әрі дөңгелетіп, шеңберін ұлғайтуды көздейді.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы