Зертхана ашылды
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жасыл технологиялар зертханасы ашылды. Тұсаукесер рәсіміне облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бағила Ибрагимова, мектептің зейнеткер директорлары Беген Көпеш, Сәбира Қайырова және мектептің зейнеткер ұстаздары қатысты.
Бұл – өңірімізде ашылып тұрған екінші кабинет. Осы білім ордасының химия және биология пәнінің мұғалімі Алмагүл Иманқұлова зертхананың маңыздылығын айтып өтті.
– Оқушылар ғылыми-зерттеу жобаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Зертхана өсімдіктерді гидропоника әдісімен өсіруге және олардың өсуін бақылауға арналған. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісі, яғни өсімдік қоректенуге қажетті барлық заттарды керекті әрі нақты мөлшерде судан немесе арнайы ертіндіден алады, ал топырақта өскен жағдайда ол мүмкін емес. Бұл әдіс өсімдіктердің барлық түрлері мен сұрыптарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын, тіпті цитрус және тропикалық өсімдіктерді өсіруге мүмкіндік береді. Әдістің тиімділігі – өсімдік барлық қажетті қоректену заттарын судан және оның құрамындағы оттегіден алып, жемісті дақылдардың өнімділігін артады, декоративті өсімдіктердің гүлденуін ұзартады, өсімдіктер топырақта болатын адам ағзасына зиянды элементтерді жинамайды, үнемі суаруды қажет етпейді, – дейді зертхана меңгерушісі.
Гидропоника әдісін қолдану топырақта өсетін өсімдіктерде кездесетін зиянкестер мен түрлі аурулардан сақтайды.
Айта кету керек, зертханада арнайы тік орнатылған гидропондық және аэропондық қондырғылардан, өсіру қондырғылары мен жасанды жарық лампалары орнатылған үстелдер қойылған. Зертхана құны – 5 млн теңге.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев