“Ұят-ай”деп жүріп, ұрпаққа қиянат жасадық
Кейіпкерім Анармен кездейсоқ Қостанай–Астана бағытындағы жолаушылар поезында таныстық. Қабағын мұң кіреукелеген бойжеткен жол бойына өзін нашар сезініп, көмек сұраған соң жәрдем көрсеттім. Алғашында үнсіз отырған ол біраздан соң әңгімені бастап кетті.
– Мүмкін, мүмкін емес-ау, сөзсіз сіз мені кінәлайсыз. Анау-у-у жақта, – деді қолымен алыста қалған қаланы нұсқап,– менің кішкентай бөбегім қалып барады. Мана ғана мен оны құшағыма қысып, иіскеп Аллаға аманаттап, дәрігерге табыс еттім. Мана ғана ол менің қолымда болатын, мана ғана біз бірге едік, мана ғана…
– Қимайтын болсаң несіне тастадың, – деймін бастырмалатып.
– Дәрменім жетпеді, әпке, мен жақында ғана колледждің 1 курсын аяқтадым емес пе? Ауылдағы әке-шешем өлтіреді ғой мені.
– Сонда ешкімнің хабары жоқ па?
– Анам біледі ғой, кураторым айтыпты.
– Енді не деді?
– Көзіме көрсетпей құрт деді!
– Бірақ бұлай болмайды ғой, ол сенің сәбиің емес пе? Оның үстіне байқайсың ба, сен оны тым жақсы көресің.
– Дәрменім жетпеді, әпке, қайтейін. Сіз бәрібір мені түсін-бейсіз.
Бұл бір қыздың, өрімдей ғана 16 жасар бойжеткеннің тағдыры. Ал біздің қоғамда мұндайлардың саны қаншама? Күн сайын етек жайып бара жатқан баласынан безіп, көкек-ана атанып жатқан қыздарымыздың тағдырына кім жауапты? Көкірегі қарс айырылып аһ ұра тұра мұндай жағдайға баруға не үшін мәжбүр?
Облыстық білім басқармасының маманы Айжан Жақсылыққызының айтуынша, Қостанай облысы бойынша бүгінге текті ата-ананың қарауынсыз қалған 3107 бала бар. Олар облысымыздағы 16 арнайы мекемелерде тәрбиеленуде. Көбісі перзентханада аналары бас тарт-қан, болмаса уақытша, анасының қолхатымен қалған балалар. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда жас аналар баласынан бас тартуға мәжбүр болады екен.
Гүлнар Мұратбекқызы,
Арқалық қалалық пер- зентханасының бас дәрігері:
– Біздің перзентханада жиі болмағанымен мұндай жағдайлар ара-тұра болып тұрады. Бойжеткендердің бөбегінен өз еркімен бас тартуына екі жағдай себепкер. Бірінші, тұрмыс жағдайы көтермегеннен болса, екіншісі мәжбүрліктен. Елден ұят деп негізі бұған ата-ана итермелейді. Қаншамасы жылап, баласын қимай, не отбасын көндіре алмай қиналды. Мұндайда біз өз тарапымыздан психологты ортаға салып, қоғамнан сандаған мысалдар келтіріп, демеу болуға тырысамыз. Бұл мойындау керек, қазір "көкек-ана" деп жүрген жандар үшін оңай емес, олар да жетіскеннен тастамайды. Бұл орайда бір ғана нәрсе – адами түсіністік пен бала алдындағы жауапкершілік қана жетіспейді. Қалғанының бәрі сылтау ғана.
Тасадан тұрып тас атып, реті келген жерде келемежге айналдыратын қаракөздерге бар айыпты тақтық. Ойбай, ұят – айға басып, бауыр етін тастатқызып, жетімдердің санын көбейттік. Баланы өмірге әкелу қателік делік, ал сол сәбиді далаға тастау одан да масқара екенін неге ойламаймыз. "Ауруын жасырған өледі" демекші, болған істің бетін бүркейміз деп орыны толмас өкінішке барамыз.
Құралай Нұрғалиева,
ұстаз:
– Меніңше,ата-ана тарапынан қолдау керек сияқты бұл жағдайда. Бар кінәні қыздарға аудару да дұрыс емес. Отбасында ер бала тәрбиесіне де баса көңіл бөліну керек. Небір өрескелдіктерге көз жұма қарағанымызда, кішкентай сәбиді бауырға басу жағына да мән беру керек сияқты. Баласының жасаған қателігін кешіріп, бөпесін өсіріп, қыздарының қолтығынан демеп, үлкен өмірге ынталандырған ата-аналар да баршылық. Олар кімнен кем? Нағыз мейірімділіктің, баласы үшін барлығына дайындықтың үлгісі емес пе? Расымен "балам-балам" деп шырылдағандары шын болса, осылай-ақ етер еді.
Қазір көптің пікірі қақ жарыл-ған. Бірі болған жағдайға түсіністік танытып, ұрпағымызды тентіретпейік десе, енді біреулері "ойбай, масқарадан" аса алмай отыр. Баяғы жалған намыс, қаулаған өсектен қорқу. Қазаны қайнап, бақшасы жайнаған, бейнелеп айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт тірлікте ананы мәжбүр-лікпен баласынан айыру мейі-рімсіздік. Бағыт беріп қолдаудың орнына қорлау, балағаттау – нағыз бейшаралық, надандық емес пе?! Сіз не дейсіз, оқырман?
Күнжан
Әбеу