Марат МАҒАЖАНОВ: “Тың игеруге қазақтың қосқан үлесі зор”

Кілең білім қуған жастар емес пе, мұғалімдердің сабақтан босатқанына онша қуана қоймағанымен, "тың игерушілерді күтіп аласыңдар" дегенде орындарынан қалай атып тұрғандарын білген жоқ. Қонақжайлылық қанына біткен қазақтың баласы мұндайда қарап тұрсын ба, шойынжолға келіп тоқтаған эшелондарға көз айырмай қарайды. Қыстың қақаған аязын ешкім де елегісі келмейді. Әйтпесе, сол жолғы тоңғандарын ойласа, әлі күнге дейін Мараттың аза бойы қаза болады. Ол кезде қай жөнді киім болушы еді. Бұлардың бойы-басына ілгені жеңіл-желпі бірдеңелер.
Айшылық алыс жақтан Арқаның төсіне ағылған қонақтар көп күттірген жоқ. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын игеруге келгендердің алғашқы легі Мәс-кеудегі Краснопресня ауданының қыз-жігіттері екен. Өздері жиырма шақты. Олар да олпы-солпы киіне салған, нәті, қазақтың қысын білмейді-ау, – деп ой түйеді Марат.
Осындай бір сәттерде әйгілі Иван Руд-скойды да қарсы алғаны бар. Оның атағы кейін шықты емес пе?! Федоров ауданына барған жас механизатор-бригадир Қазақстан-ның атынан Будапештте өткен бүкіләлемдік жастар фестиваліне қатысып қайтты. 1955 жылы қазан айында бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмеге қатысып, қола медаль алды. Социалистік Еңбек Ері атанды. Әйтеу-ір не керек, тыңға келгендерге Коммунистік партия барлық жағдайды жасап бақты. Пәтерге де, мемлекеттік жәрдемақыға жұрттан бұрын солардың қолы жететін. Жергілікті кадрлардың еткен еңбегі тасада қалды.
– Әйтпесе, тың өлкесіндегі жастардың бәрі бүкілодақтық науқанға білек сыбана кіріскені сондай, сырттан келгендерден бір де кем жұмыс істеген жоқ, – дейді қарт агроном Марат Зікірияұлы, – әттең, сол кездегі саясаттың самалы солай қарай есті ғой.
Айтпақшы, Мәкеңнің өзі де сол 1954 жылдың тамыз айында Мәскеуде өткен бүкіл-одақтық ауыл шаруашылық көрмесіне (ВСХВ) қатысып, қола медальді еншілеп оралды. Сол он алты жасында. Сондағы табақтай куәлікте былай деп жазылыпты:
Он алты жасар бозбала Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмеге өзінің еңбекқорлығының арқасында қолы жетті.
– Мектепте оқып жүргенде "Красный партизан" кеңшарына шөп шабуға бардық, – деп еске алады Мәкең сонау бір жылдардағы балалық шағын ойға оралтып, – Біздерге үй-жай беріп, орналастырды. Өңкей жастар малға қысқы азық жинаймыз, шөп тырмалаймыз, оны үйеміз. Соның бәрін үлкен кісілермен қатар істедік. Осы кезде біз айрықша көзге түскен болуымыз керек, еңбегімізді бағалап, үлкен кісілермен бірге Москваға жіберді.
Жастайынан қара жұмысқа жегіліп өскен оған жермен жұмыс істеу аса ұнайтын. Әлі есінде, Жамбыл мектебінде оқып жүргенде мұғалімдер оқушыларға қызанақ, мақта, бидай ектіретін. Маратқа дүниеде бұдан өткен қызық жоқ сияқты боп көрінеді. Бозала таңнан ымырт үйірілгенге дейін тырбанып жұмыс істей беруге дайын. Мектептің төрт өгізі, екі жылқысы бар еді. Күзге салым соларға жем-шөп дайындау да осылардың мойнында. Іргедегі Қарашоқыдан қысқы отын әзірлейді. "Красный партизан" кеңшарының аумағынан шөп шабады. Соның бәрінде бозбала Марат қатар-құрбыларының алдында жүргенді қалайтын. Техникумды бітірісімен болашақ агрономды Обаған ауданындағы (қазіргі Алтынсарин ауданы) Жданов атындағы кеңшардың №2 бөлімшесінде екі жыл жемісті қызмет етті. Арада уақыттар озып, азды-көпті тәжірбие жинақтап та үлгерді. Енді еңбекті ғылыммен ұштастыра түсу үшін жоғары білім қажет. Содан Марат жан-жағымен ақылдаса жүріп, облыстық ауыл шаруашылық басқармасында, кадрлар бөлімін басқаратын Баймағамбет Дихаев деген азаматқа жүгінді. "Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді" деген, облыстың өзінен пәрмен келгесін кеңшардағылар не десін, көнді. Кеңшар директоры Петр Чиченковтың Маратқа жасаған жақсылығы, ол кісі студенттің бүкіл оқуын төлейтін болды. Сөйтіп, ол алған ғылымын дамыту үшін Қарабалық тәжірибе станциясына келді. Содан бері білікті агрономның 42 жыл ғұмыры осы Қарабалық ауданында өтті.
– Тың игеру жылдары біздің қазақ жұ-мысты жапырып істеді. Бірақ, сол тұстағы нұсқау сондай болды ма, әйтеуір жергілікті еңбек адамдарының еңбегі аса бағалана қоймады. Оларды онша көтере қойған жоқ. Барлық жағдай сырттан келгендерге жасалды. Тың игеруге келгендердің арасында телі-тентегі де, басбұзарлары да, қолынан ешбір іс келмейтіндері кездесті. Соған қарамастан тың және тыңайған жерлерді тезірек игеру үшін солай етуге мәжбүр болды ғой деп топшылаймын өз басым, – дейді менің сұқбаттасым.
Расында, алып империяның құрамындағы бауырлас республикалардың барлығында да соғыстан кейінгі жылдары жағдай ауыр еді. Елдің еңсесі ептеп түзеле басталғанымен, әлі де болса халық азық-түліктен, әсіресе, ет пен сүттен, наннан тапшылық көрді. Кең-байтақ Қазақ даласындай емес, КСРО-дағы халық тығыз орналасқан өзге республикаларды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету қиындай түскен шақ еді ол жылдар.

Марат Зікірияұлы өзінің ұзақ жылдар бойғы жиған тәжірибесіне сүйене отырып, көргені мен түйгені мол ғалым ретінде "Популярно о казахстанском целинном земледелии" атты зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Диқандар үшін аса құнды еңбек бүгінде жоғары оқу орындарының студенттеріне әдістемелік оқулық ретінде пайдаланылып жүр. Соны жұбайы екеуінің зейнетақысына шығарды десек, бәзбіреулер мүмкін сенбес.
Әлдеқашан зейнеткерлікке шықса да қарап отыруға жаны қас қария өткен жылы топырақ өңдейтін жабдық шығарып, оны өз атына патенттеп алыпты. Дегенмен, оны өндіріске енгізуге ешкім құлық танытпай отырса керек. Бұл туралы "Костанай-агро" газеті "Идея есть, спонсоров нет" деген мақала жариялаған. Есімі Тобыл атырабына жақсы таныс кешегі диқан, қарт агрономның жастарға үйретері әлі де көп.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретте: қарт агроном Марат Мағажанов.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.