ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ
Бұл туралы Қостанайдағы №17 мектепте өткен жиында қала әкімі Базыл Жақыпов баяндады. Тасымалдаушы компаниялар қала әкімдігіне тарифті көтеру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Олардың айтуынша, қоғамдық көліктердегі қалыпты баға 125 болуы тиіс.
– Әрине, біз бұған жол бермейміз. Дегенмен, 1 наурыздан бастап автобус паркі жолақыны көтереді. Қоғамдық тыңдау өтіп, талқылаудан кейін шешім шығады. Сондай-ақ, студенттерге жеңілдіктер қарастырмаймыз, – деді Б.Жақыпов.
– Тарифті көтеруге жағармай мен қосалқы бөлшектер бағасының өзгеруі басты себеп. Қазір барлығы қымбаттап кеткенін білесіздер. Оның ішінде жанар-жағармайдың, автошиналардың, аккумуляторлар мен қосалқы бөлшектердің бағасы да бір орнында тұрған жоқ. Жұмыс орындарын сақтап қалып, техниканы жаңарту үшін жолақыны қымбаттатуға мәжбүрміз, – дейді автопарк өкілдері.
Қала тұрғындары қала әкіміне басқа да сауалдар қойды. Әсіресе, жергілікті полиция қызметіне қатысты сұрақтар жауапсыз қалды. Қала әкімі халық базынасын қаперге алатынын айтты. Мәселен, бір тұрғын қазіргі кезде ұрлық, тонаудың көбейіп бара жатқанын жеткізді. Ал құзырлы органдар жәбірленушінің шағымына ұзақ уақыт жауап қатпай, істі мәселені сиырқұйымшықтатып жібереді.
Қысы-жазы №17 мектептің айналасында итпен серуендеушілер де жұртты алаңдатады. Алексей есімді азаматтың айтуынша, бір күні оның тоғыз жастағы қыз баласын ит қуған. Енді оқушы қыз мектепке бұрынғыдай төте жолмен келуге қорқады. Базыл Жақыпов мектеп айналасына итті ертіп әкелудің қажеті жоқ екенін айтып, полиция қызметкерлеріне қадағалуды тапсырды.