Іскер әйелдер марапатталды
Қаламыздағы балалар шығармашылығы үйінің конференц-залында облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаевтың төрағалық етуімен “Тәуелсіз Қазақстанның дамуына Қостанай облысы әйелдерінің қосқан үлесі” деген тақырыпта конференция өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Кәсіби білім беру қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға атқарушы органдарда еңбек етіп жүрген өңіріміздің белсенді қыз-келіншектері, мәслихат депуттары мен кәсіпкер әйелдер қатысты.
Конференцияны ашқан облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Римма Бектұрғанова өз ісін дөңгелетіп отырған әйелдердің бүгінгі таңда қолжеткізген жетістіктерін тілге тиек етті. Ал, шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев өңіріміздің жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген іскер әйелдердің жұмысына табыс тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық дамуына ер-азаматтармен қатар, әйелдер қауымының да қосқан үлесі зор. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында еліне адал қызмет ететін, отбасының отаны бола білетін қазақстандық әйел бейнесі қалыптасты. Бүгінде нәзік жандар мемлекеттік басқару жүйесіне араласып, қоғамның барлық салаларында айтулы табысқа қол жеткізуде. Осындай жоғары жауапкершілік жүктелген әйел адамдарға ең алдымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан, жалпы мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Сіздерді облыс әкімінің атынан кешегі өткен тәуелсіздік күні мерекесімен және алда келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді М.Жүндібаев.
Айта кетер жәйт, соңғы жылдары аймақ аруларының қызметтегі белсенділігі артып келеді. Мәселен, біздегі депутаттардың 32 пайызы нәзік жандылар, 4 әйел басқарма басшысы, 8 әйел аудан-қала әкімдерінің орынбасары, 28-і селолық округ әкімі лауазымдарын атқарып отыр, 65 пайыздан астамы мемлекеттік органдарда, 22,5 пайызы сот жүйесінде қызмет атқарса, ал 43 пайызы бүгінде кәсіпкерлік саланы тізгіндеген.
Шара соңында өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен бір топ белсенді бикештер марапатталды. Олардың арасында облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ауданаралық сотының төрайымы Қарлығаш Шармұхамбетова, Аманкелді селосының әкімі Гаухар Жанділдина, перинаталдық орталықтың бас дәрігері Татьяна Булгацевич, Qostanaі телеарнасының аға редакторы Күлтай Абдрахманова, Денисов аудандық өлкетану мұражайының директоры Наталья Таран, Қарасу ауданындағы “Алекса” ш/қ басшысы Гульнара Алекса және тағы басқалары бар.