Бірегей білім ордасы
Нәзипа Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжіне 40 жыл
Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі алғашында Арқалық педагогикалық училищесі болып Қазақ ССР ағарту министрлігінің 1979 жылғы 17 қыркүйектегі №517 бұйрығымен ашылды.
Колледж тарихында Балкен Игенбаев, Айша Абдрахманова, Төкен Елтебаев, Қайыржан Мақанов, Бораш Абенов, Зина Қолдасбаева, Сабыржан Тасмағанбет сынды айтулы азаматтар басшылық жасады. Д.У.Канаева, Т.Н.Кулиничева, М.Т.Тоқмурзин, М.Е.Едресова, Н.А.Фуст, Р.Ш.Аубакирова, М.А.Климовцова, В.П.Кузнецова, Г.С.Қосмухамбетова, Л.П. Таскаева, Г.П.Дьячкова, К.Ж.Қасымова, А.С.Сәрсенбаев, Ж.Е. Тұрғанова, С.С.Сәрсенбаева және т.б. оқытушылар мен қызметкерлер ұмытылмас із қалдырды.
Орнықты оқу орны осы уақытқа дейін он мыңнан астам бастауыш сынып, дене тәрбиесі, ағылшын тілі, музыка пәні мұғалімдері мен тәрбиешілерді, мәдениет қызметкерлерін дайындады. Колледж түлектері Қазақстанның, ТМД елдерінің көптеген жерлерінде жемісті қызмет атқаруда. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен мектеп, колледж басшылары, ЖОО және колледж оқытушылары, мәдениет қызметкерлері бар. Бірқатар түлектер «ҚР білім беру үздігі» атағын алса, енді бірі ҚР Білім және ғылым министрлігінің, аудандық, облыстық білім беру бөлімі басшыларының мадақтамаларымен марапатталған.
Бірегей білім ордасын қазіргі таңда өз ісінің майталманы, талай басшылық қызмет сатысынан өткен Сандуғаш Орекенқызы Алматова басқарады.
Мемлекеттік лицензияға сәйкес колледж 5 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Атап айтқанда: «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дене тәрбиесі және спорт», «Бастауыш білім беру», «Аспаптық орындау және музыкалық өнер эстрадасы», «Хорда дирижерлеу» техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша қызметі атқаруда.
2018-2019 оқу жылына 203 білім алушы қабылдады. Қазіргі таңда барлығы 660 студент дәріс алса, оның 528- күндізгі, ақылы негізде 41 және 132 сырттай, ақылы негізде 107 білім алушы оқиды, барлығы 22 топты құрайды.
Түлектердің жұмысқа орналасуы 85% құрайды. Олар ел аймақтарында ұстаз, треньер, тәрбиеші болып еңбек етуде.
Педагогикалық ұжым ҚР ағарту ісі үздіктері Б.А.Нұрғазиева, К.Т.Елеупова, Б.А.Тұрманова, Мамбетов Р.Е., М.Л.Тюрикова, Ж.Қ.Жұмабаев, Е.Б.Даумов, С.М.Қапаров, Д.Б.Байдешов, Сайболова А.А., Абжанов А.Ж., Жакупова Г.М., Мырзагалиева А.Б., Турганова Ж.С., Каппасова Ш.Е., Издибаева Д.М., т.б. білікті кадрлардан құралған. 11 магистр, 1 ф.ғ.к қызмет атқарады.
Оқытушылардың негізгі оқу-әдістемелік міндеті – инновациялық ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оқу үрдісін жақсарту, оқытушылар жасаған оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, құралдармен білім беру үрдісін молайту.
Оқу үрдісін ұйымдастыруда оқу-тәрбие жүйесінің орталығы боп есептелетін пәндік-әдістемелік комиссиялардың атқаратын рөлі зор. Пәндік-әдістемелік комиссиялар жоспар бойынша кезекті отырыстарын өткізеді. Онда оқытушылардың баяндамалары, есептері тыңдалып, оқу жұмыс бағдарламалары, күнтізбелік жұмыс жоспарлары қарастырылып, шығармашылық жұмыстар көрмелері өтеді.
Оқытушылар қалалық, облыстық, аймақтық республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға, кәсіби сайыстарға, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі тақырыптарға арналған іс шараларға үзбей қатысады.
"Жастар комитеті", "Студенттік кеңес", "Ата-аналар кеңесі", "Қамқоршылық кеңес" және 14 үйірме, 6 секция, 15 оқу кабинеті, 2 компьютер сыныбы, қазіргі заманға сай жабдықталған физика, биология, лингафон кабинеттері, оқу, мәжіліс және гимнастика залдары жұмыс істейді. Кітапханасының 32 мыңнан астам кітап қоры бар.
Колледж жастарының «Алтын кітабы»
2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде колледждің «Алтын кітабының» тұсауы кесілді. Осы жылы «Алтын кітапқа» облыстық, республикалық деңгейде жетістіктері бар 25 білім алушы іріктеп алынды, 2017 жылы 13 білім алушы, 2018 жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Алтын кітапқа» 10 білім алушы енгізілді.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы
Шәкірттердің колледжде табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы оқытушының қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты.
Осыған сай жұмыс жоспары құрылып, іс-шаралар жүзеге асырылуда. Студенттер аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларға мақалалар жіберіп, ғылыми жұмыстар жазуда. Өткен оқу жылында қашықтықтан өткізілген байқауларға 170 білім алушылар қатысып, конференцияларға 38 мақала жіберілді.
Оқытушылар ғылыми-ізденіс жұмыстарына белсене атсалысып, студенттерге мақала жазуда, олимпиадаларға қатысуда жетекшілік етеді.
Қазіргі білім беру тұжырымдамасының талабында оқытушы мен студенттің қарым қатынасы жаңа болмыстық мазмұнда өзгеріп, оқытушы- ұйымдастырушы, бағыттаушы, студент – ізденуші, белсенді шығармашыл болуын талап етеді.
Оқу- әдістемелік жұмыстардың саны мен сапасын көтеру, оқытушылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл оқытушылардың іс-тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланып, тиімді әдіс – тәсілдерді дұрыс таңдап, меңгерген.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының жаңаша оқыту жүйесі нағыз жаңа ғасырдың шығармашыл педагогі мен бәсекеге қабілетті, рухани дамыған жеке тұлғасын даярлаудың бірден-бір қайнар көзі.
Колледж оқытушыларының мақалалары, әдістемелік әзірлемелері, сабақтары республикалық «Педагог», «Білім шыңы» және т.б. журнал беттерінде жарияланып тұрады. Оқытушылар әдістемелік нұсқаулықтары мен әдістемелік кешендерін толықтырып, жаңартып отырады. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Үздік педагог» байқауына, ТжКББ ұйымдары оқытушылары арасында өткен тәжірибе алмасу семинарына қатысып, диплом, сертификаттармен марапатталынып, үнемі ізденіс үстінде.
Серіктестермен жұмыс
Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі қала балабақшаларымен педагогикалық тығыз байланыста. Колледждің «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығының білім алушылары балабақшада іс-тәжірибелерін өткізеді.
Педагогикалық іс-тәжірибе барысында балабақша меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері жас машықкерлерге білім нәрін жас бүлдіршіндерге жылылықпен бере білуге аса қажеттіліктің керек екендігін үйретуден жалығар емес. Сондықтан тәрбиеші адал, мейірбан, ізденімпаз, шығармашыл, еңбекқор жан болуы тиіс екендігін түсіндіре отырып, түрлі жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін, жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс жасауды үйретуде.
Серіктестері «Ақбота» балабақшасы (меңгерушісі М.С. Нұралина), «Раушан» балабақшасы (меңгерушісі Н.Ю.Воронова), «Золотой ключик» балабақшасы (меңгерушісі Л.А.Тұрсынова) айтар алғыстары шексіз.
Жергілікті «Арқалық хабары» газетімен серіктесіп, тоқсан сайын «Ұлағат» атты колледж газеті жарияланып тұрады. Онда колледж тынысы, өмірі, жетістіктер мен жаңалықтары баяндалады.
Мектеп түлектерімен жұмыс
Кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлау – кәсіби білім беру жүйесінің негізгі міндеттері. Колледж ұжымы жоғары сапалы мамандар даярлау жөніндегі жұмысын жоспарлай отырып, түлектерді еңбекке орналастыру, әлеуметтік серіктестіктермен тығыз қарым-қатынас жасауды негізгі міндет деп санайды.
Колледж 2019-2020 оқу жылына талапкерлерді оқуға шақыру мақсатында мектеп бітіруші 9-11 сынып түлектерімен үгіт-насихат жұмыстарын бастады.
Үгіт жұмыстары Жангелді, Аманкелді, Жарқайың, Жаңадала, Жақсы, Атбасар, Есіл аудандары мен аудан аймақтарында жүргізілді. Аталған аудан мектептерінің мектеп әкімшілігі тарапынан қолдаулар көрсетіліп, мектеп бітірушілермен кездесулер өткізілді.
Бітіруші түлектерге колледж тарихы, мамандықтар жайлы, педагогикалық мамандықтың артықшылығы, игерген мамандық бойынша кәсіби қызмет атқара алатын сапалары туралы айтылды, сонымен қатар колледждің оқу ғимараты, жатақханасы, білім алушылардың тұрмыстық жағдайлары, өткізілген іс-шаралар, тәрбиелік іс-шаралар бойынша бейнероликтер көрсетілді.
"Рухани жаңғыру"
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша үстіміздегі оқу жылында қарқынды жұмыс атқарылды. Колледж ішілік және қалалық іс – шаралар жоспары құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілді.
Жоспар бойынша жыл бойына 58 шара ұйымдастырылды. «Латын әліпбиіне көшу заман талабы» шығармалар байқауының нәтижесінде ISBN номері алынып, заңды тіркеуден өткен шығармалар жинағы жарық көрді.
Қалалық тілдерді дамыту орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Рухани жаңғырудың кепілі – латын әліпбиіне көшу» атты дөңгелек үстел өткізілді. «Жас әдебиетшілер слеті» өткізілді. Жалпыхалықтық диктантқа 30 оқытушы, 162 білім алушы атсалысты.
«100 жаңа есім» бағытында колледжішілік үздік оқытушылар мен студенттердің электронды «Құрмет тақтасы» құрылды. Облыстық 100 жаңа есім иегерлерімен кездесу ұйымдастырылды.
«100 жаңа гуманитарлық кітап бағыты бойынша «Кітап сарқылмас рухани әлем» көшпелі көрмесі қолға алынды. «Кітап ақылшы досың» жаңартылған білім бойынша шығарылған жаңа оқулықтардың тиімділігімен таныстыру мақсатында "кітапқұмарлар кеңесі" өткізілді,
"Туған жер" бағыты бойынша белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиевтың қатысуымен қалалық жыр кеші өткізілді. «Әнім саған туған ел» патриоттық әндер байқауы көрініс тапты.
"Қазақстанның киелі жерлері" бағыты бойынша сапалы және нәтижелі жұмыстар атқарылды. «Киелі Қазақстан» ғылыми – тәжірибелік конференция өткізіліп, конференция материалдары топтастырылған жинақ шығарылды. Шара «Киелі Торғай» өлкетану экспедициясына жалғасты. «Кейкі батыр», «Құтан әулие» кесенелеріне жол түсіп, материалдар мен ақпараттар жинақталды.
«Үш тілділік» саясатын жүргізу мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары құрылып, «Полиглот», «Үш тұғырлы тіл» зияткрлік байқаулары мен білім олимпиадалары жоспарлы түрде өткізілуде.
«Жасампаз» жастар ұйымы
Колледжінің көпжылдық жұмыс тәжірибесінде, мемлекеттік тапсырыс бойынша әлеуметтік жобаға қатысу, жоба қорғаут.б қоғамдық жұмыстарға қатысып, атқару жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде осы жұмыстарды бір арнаға тоғыстырып жүйелі жұмыс жасау мақсатында қоғамдық бірлестікті құру мәселесі қаралып, биыл 2018 жылы 14 сәуірде колледж жанынан «Жасампаз» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігі құрылып, бірлестік құрылтайшылары бекітілді.
Қоғамдық бірлестік құрудағы басты мақсат: Жастардың азаматтық позициясын қалыптастыра отырып, қоғамдық мәселелерді шешуге жұмылдыру. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестіктер жұмысына үлкен мән беріліп мемлекеттік тарапынан үлкен мәртебеге ие болып отыр.
Обылыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Іскер жастар кеңесі» ҚБ жыл сайын өткізетін «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне» қатысып, «Сыйлыққа мереке» жобасы бойынша 150 мың теңге көлеміндегі шағын грант иегері атанды.
Қоғамдық бірлестік жаңалықты құрылғанымен құрылтайшыларының, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жобаларды жүзеге асыруда жинақтаған көпжылдық іс-тәжірибесі бар. Соның арқасында ҚБ биыл маусым айында мемлекеттік тапсырыс бойынша Арқалық қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ММ жариялаған жалпы соммасы 450 мың тұратын екі жобаны ұтып алды.
Мұндағы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»«Рухани қазына» кіші бағдарламасы шеңберінде өткізілген «Арайлы Арқалығым» атты халық шығармашылық фестивалі арқылы ұлттық инструменталды жанрды және орындаушылық шеберлікті дамыту. Шараның басымдылығы мәдени-көпшілік жұмыстары арқылы, жастарды ауыл тұрғындарын өнер таланттарын іздеу.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылған «Мақтанышым – туған өлке» атты жобада туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу бойынша қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.
Шара қорытындысында мақсатты индикаторларға қол жеткізілді. Конференцияға 50 ғылыми жұмыс ұсынылып іріктеуден өткен 26 жұмыс қорғалды және жинаққа енді.
ҚБ жанынан құрылған "волонтерлер қозғалысы" өте жақсы дамыған. Биылғы жылы колледж волонтерлері өз күштерімен оқу – жаттығу семинарын өткізді.
Волнтерлер жетістігінің бірі облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Үздік волонтер- 2018» байқауында колледж студенті Ақбота Кәдірбаева бас жүлдені жеңіп алды.
Облыстық көшбасшылар форумына қатысқан колледж шәкірті Аружан Ембергенова үздік жетілікке еніп, облыстық белсенді жастар штабы құрамына енді. Астана қаласында өткен Республикалық көшбасшылар слетіне қатысу мәртебесіне ие болды.
Колледждің "tgk.kz" сайты 2016 жылдан бастап, жұмыс жасап келеді. Сайттың арқасында колледж өмірін елдің түпкір-түпкірінен көруге мүмкіндіктер артты. "Колледж беті" күн сайын жаңа материалдармен толықтырылып тұрады.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.