«Серпінге» сенім артқан…
2014 жылы Елбасының тапсырмасымен “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы басталған болатын. Аталмыш бағдарламаға 7 ЖОО мен 25 колледж жұмылдырылып, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатысты. Сол жылдары жоғары оқу орындарына 1050, колледждерге 1000 грант бөлінгенімен, маусымның аяғына дейін, бар болғаны 30 өтініш қана келіп түсіп, жоба өз мақсатына жете алмады.
Артынша еріктілердің арқасында 2014 жылы “Серпін” жалпыұлттық қоғамдық жобасы дүниеге келді. Бұл жобаның қажет екендігін дәлелдеу мақсатында зерттеу жұмыстары да жүргізілді. “Серпін” әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. 2014 жылы жоба аясында 2050 студент, 2015 жылы 6 200, 2016 жылы 11 296 студент білім алды.“Серпін” индустриялы-инновациялық жобаларға мамандарды даярлап, жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады; жұмыс күші мол аймақтардағы жастарды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тартады. Екіншіден, техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттырып, жастардың жұмысшы мамандықтар алуға деген оң көзқарасын қалыптастырады. Үшіншіден, жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.
Қостанай облысына келетін "серпіндіктер" саны жыл сайын артып келеді. Соған байланысты «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!», «Серпін» әлеуметтік жобаларын тиімді іске асыру аясында ҚМПУ «Серпін: болашағы мен проблемалары» атты дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шара мақсаты – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!», «Серпін» әлеуметтік жобалары бойынша білім алатын студенттерді, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін жұмыс берушілерді, білім беру мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын нығайту. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша оқу бітіріп жатқан студенттердің мәселесін тағы бір мәрте қарастыру.
–Бұл кездесу биылғы оқуды бітіргелі жатқан түлектердің мәселесін қарастыру мақсатында өткізіліп отыр. Білім министрлігі 3, 4 курс студенттерімен кездесу өткізді. Бұған дейін де университет басшыларының қатысуымен жиындар ұйымдастырылып, осы бағдарлама аясында оқу бітіргелі жатқан студенттердің, Қостанай өңірінде қалғысы келетін жастардың қандай мүмкіндіктері бар, қандай жағдайлар жасалатыны туралы мәселелер қаралған болатын.
Былтыр оқу бітірген 120 түлектің Қостанай өңірінде жиырмасы жұмыс істеуге қалған-ды. Сол студенттердің өздерін шақыртып, қазіргі жағдайын айтып, биылғы 4-курс студенттеріне қандай кеңестері бар, ұсыныстарын білдірсін деген мақсатпен кездесу ұйымдастырып отырмыз, – деді академиялық жұмыс және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Гүлвира Мұсабекова.Ол кездесуде айтылған ұсыныстардың барлығы алдағы уақытта жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті. Биыл да аталмыш оқу орнын 120 студент бітіргелі отыр. Биыл «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде магистратураға 35 талапкер қабылданған. Біздегі түлектердің дені – педагогтар. Сол себепті, білім басқармасымен жұмыс істеп жатырмыз. Басқармамен және жеке білім беру мекемелерімен келісімдер жасастық. Университетте түлектерді жұмыспен қамтумен айналысатын жеке бөлім бар. Біздегі жұмысқа орналастыру көрсеткіші 90%-ке жақын. Биылғы жазда оқу бітірген түлектермен қазіргі күнге дейін байланыс ұстап отырмыз. Оларды жұмыспен қамту мәселесі жүргізіліп жатыр.
Қазір өңірде жұмыс істеп жатқан түлектер дөңгелек үстелге келіп, өздерінің ақпараттарымен бөлісіп, оқу бітіргелі отырған түлектерге кеңестерін берді.«Мен жас маманмын» атты тақырыпта сөз алған Қамысты ауданының Красный Октябрь орта мектебі қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Бекболат Сапарбекұлы:
–«Серпін» жобасы тек қана студенттерге грант беретін немесе жұмысқа орналастыратын оқу бағдарламасы емес. Бұл – жастардың əлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жоба. Мектеп оқушыларының дұрыс мамандық таңдап, сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашу, өз проблемаларын өздері шешуге үйрету, еліміздің дамуына өз үлестерін қосу – басты мақсат. Оқу бітіргендердің проблемасы да аз емес. Сондықтан жастардың жұмыс табу, тұрғын үймен қамтылу мəселесі, əлеуметтік жағдайларын дұрыстау түйткілдері назарда болуы керек. Міне, менің болашағыма жарқын жол ашқан – осы жоба. Жоба маған көп жеңілдік жасады. Қазіргі таңда Қамысты ауданының Красный Октябрь орта мектебінде өз мамандығым бойынша қызмет атқарып жатырмын. Мен солтүстік өңірде қалғаныма еш өкінбеймін, – дейді.
Әсел Қибаш
Суретті түсірген автор