Дөңгелек үстіндегі емхана
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстық аурухананың жедел жәрдем қызметіне 5 жаңа реанимобиль табыстады. Су жаңа медициналық көліктер ақ халаттылардың жұмысын жеңілдете түспек.
Бұл реаномобильдердің үйреншікті жедел жәрдем көліктерінің ерекшелігі көп. Қозғалмалы емхана деуге де болады. Іші барлық қажетті әрі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Кез келген науқасқа жол үстінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік мол. Мұның маңыздылығына аймақ басшысы да өз сөзінде тоқталып өтті.– Бүгін облысымызда бұрын-соңды болмаған жаңа реанимобильдер тапсырғалы отырмыз. Бұл көліктер алдыңғы қатарлы еуропалық өндірістен шыққан ең заманауи құрылғылармен қамтылған. Ішінде электрокардиограф, дифрибрилятор, соңғы үлгідегі демалу аппараттар және басқа қажетті технологиялармен жабдықталған. Жалпы, биыл 250 млн теңгеге біз осындай 17 медициналық көлік сатып алдық. Соның бесеуі бүгіннен бастап қызметке кіріскелі отыр. Алдағы уақытта олардың қатары көбейе түседі. Өйткені біз осы саланы қаржыландыруды жыл сайын ұлғайтып келеміз. Айталық, осы жылы 41 млрд теңге бөлінді. Оның 3 млрд 100 млн теңгесі материалдық-техникалық қамтылымға жұмсалды. Міне, осының бәрі дәрігерлердің қолын ұзартуға, халық сапалы ем алу үшін жұмыс істейтін болады, – деді облыс әкімі.
Көлік кілттерін тиесілі қызметкерлерге табыстап болған соң, аймақ басшысы ғимарат ішіне еніп, тағы бір таңсық аппарат – аниографпен, оның жұмыс істеу барысымен танысты. Бұл заманауи құрылғыны сатып алуға 338 млн теңге жұмсалған.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген автор