KOSTANAY PLAZA қанат жаяды
Таяу келешекте облыс орталығындағы Kostanay plaza cауда-ойын-сауық орталығының аясы кеңейе түседі. Ғимаратқа жапсарлас болып заманауи ірі демалыс орталығы салынбақ.
Нақтылай айтқанда, көпфункциялы қызметі болатын орталықтың жерасты паркингін жасау жоспарланып отыр. Ал аса ауқымды ғимарат ішінде жаңа талапқа сай моншалар, сауна кешендері, әртүрлі ұлттың асханалары орналасады. Мұның сыртында, ең қызығы, ғимарат төбесіне ешқандай жабындысыз екі бассейн, яғни термопарк салынады. Ашық аспан астындағы хауыздар ыстық қайнар іспетті болып, қақаған қыста да жұмыс істеп тұрмақ. Мұнда арнайы теңіз сулары әкеп құйылады.
Жалпыға арналған орталықта, орталық әкімшілігінің мәлімдеуінше, әсіресе қарттық жастағы тұрғындардың демалып-сауықтырылуына мән қоймақ. Өз кезегінде, Қостанайдағы ең ауқымды нысан осындай ерекшелігімен қызығушылық тудырып, келушілер қатарын әлдеқайда ұлғайтпақ ниетте.
Айта кету керек, мұндай тәжірибелер көршілес Ресейдің Қорған облысында бар әрі халық сұранысына барынша ие көрінеді.
(Суреттер интернеттен алынды)
Қазақстандағы Алматы, Бурабайдан кейінгі алғашқы өңірлердің бірі болып осы жобаны Қостанай іске асырса, зияннан гөрі пайдасы мол болары болжанып отыр. Алдынн ала жорамалды қызмет құны да аталды. Монша, сауна, ерекше бассейнге шомылудың бір сағаттық бағасы 800 теңгенің айналасында болуы мүмкін. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл таныстырылған жобаны қолдайтынын, барлық жағынан тиісті көмек беруге дайын екенін және осы жөнінде арнайы пысықтау жиынын өткізу қажеттігін айтты. Бұл, әзірге, 1-2 жылда түгесілер шаруа емес. Дегенмен, "көрінген таудың алыстығы жоқ".
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген автор