Наил Ғалымжанов: «Арман шіркін алға бастайды»
Өңірімізде ерен еңбегімен танылып, елімізде ғана емес, өзге мемлекетте қызмет істеп, абыройы мен беделі биіктеген жандар жетерлік. Солардың бірі бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері полиция генерал-майоры, егемендік алған алғашқы жылдары Интерполдың бастығы болған Наил Ғалымжанов.
– Наил Молдахметұлы, сізбен жолығысамыз деген ой үш ұйқтасам да түсіме кірмеген. Есіміңізді бұрыннан естіп, біліп жүр едік. Халыққа мәшһүр генералсыз. Енді, міне, жүздесудің сәті түсті. Түйемойнақ өзіңіздің туып-өскен жеріңіз ғой. Туған жерді, елді сағынып келген боларсыз?
– Е-е-е, айтуың рас. Кіндік қаны тамған жер әр адам баласы үшін ыстық қой. Туған жерді, бала күннен құлын-тайдай тебісіп өскен достарды сағынып келдім. Бір жағынан анам мен әпкем, бауырларым осында тұрады ғой. Мына қорымда әкем жатыр. Соларды бір көріп, мауқымды басайын дедім.
– Дұрыс-ақ…
– Түйемойнақта 1956 жылы дүниеге келдім. Осы жерде алғаш мектеп табалдырығын аттадық.
– Содан?..
– Мектепте жүргенде спорттан бірталай жарыстарға қатысып жүрдім. Бір арманым денешынықтыру факультетіне түсу болды. Бала күндегі шын ние-тіңмен армандаған ойдың орындалатыны сөзсіз екен. Мектепті тәмамдаған соң әлгі аңсаған арманның жетегіне еріп, Алматыға денешынықтыру мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түстім. Оны бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерде жүргенде әскери өмір, жауынгерлік міндет мені қызықтырып, тағы да ар-манға берілдім. "Осыдан келгеннен кейін міндетті түрде милиция боламын" деген ойды қуалай түстім. Үйдегілер де кетәрі болмады. Сөйтіп, әскери борышымды өтеп келген соң бірден милицияның қызметіне кірісіп кеттік. Жұмыс істей жүріп, заң факультетінің сырттай бөліміне оқуға түстім. Одан әрі Мәскеу қаласындағы ішкі істер академиясын тәмамдадық. Сол уақыттан бері, міне, табаны күректей 35 жыл осы салада қызмет істеп келемін.
– Айтпақшы, әкеңіз Молдахмет атай өз заманында біздің газетіміздің қызметкері болды. Сол кісі жайында айтып берсеңіз…
– Ол кісі темірдей тәртіптің адам еді. Торғайдың Аманкелді ауданында туған. Аталарымыз сол жерде жатыр. Ал-ғаш білімді сол жерде қазақ мектебінен алған. Кейін тұрмыс бабымен осы маңайға қоныс аударды. Соғыстан соң әртүрлі салаларда қызмет атқарды. Облыстық "Коммунизм таңының" (қазіргі "Қостанай таңы" – Н.М.) меншікті тілшісі қызметінде де абыройлы жұмыс істеді. Әкемнің басылымда еңбек еткен жылдарында біздің үй нағыз өнер адамдарының ордасына айналатын. Келімді-кетімді кісіден анамыздың дастарханы бір жиылмайтын. Әкем сондай қонақжай жан болатын. Тіпті, бір күні танымайтын адамды үйге қонақ қылды. Анам күйіп-пісіп жүр.
– Әй, Молдахмет-ау, сенің де қонағың бітпей қойды-ау. Мына кісіні танымайсың да ғой,– деді. Сонда әкем марқұм аспай-саспай:
– Бәйбіше-ай, сен де айтпайтынды айтасың ғой. Мен бұл қонақтың әкесін жақсы танимын. Кезінде… – дей бергені сол еді. Анам:
– Түсінікті… Сенің бүй-тетініңді білгенмін, – деп әкемнің не айтатынын жақсы ұғынып, ас қамына кірісіп кеткен.
Міне, әкем осындай жан. Бүгінгі ісін ертеңге қалдырмайтын еңбекқор адам еді. Бірде сырттағы жұмыстардан қалжырап келген мені қасына шақырып алып:
– Мынау Түйемойнақ жерінен дайындалған хабар. Тезірек поштаға барып салып жіберші, – деп жазу үстелінде бүктеулі жатқан маңдайына "Коммунизм таңына" деген хатты қолыма ұстата салды да өзі тағы бір хабарды жазуға қомдана бастады.
– Әке, барлығын біржола апарайын да. Екіншісін жазып болыңыз, – дегенімде қабағын сәл түйіп:
– Балам, есіңде болсын, реті келсе бүгінгі жұмысыңды ертеңге қалдырма! Бұл жалқаулықтың белгісі. Әрдайым әрнәрсеге дайын болып, ісіңе тыңғылықты қара! – дейтін. Әкем мен анамнан алған тәрбие мені талай жерде құтқарып, сынай түсті. Осы абырой мен бедел сол кісілердің еңбегі деп білемін.
– Наил Молдахметұлы, алғаш егемендікке қол жеткізген тұста Қазақ мемлекетінің Интерполын құрдыңыздар. Соның басшылығы қызме-тінде еңбек еттіңіз.
– Тәуелсіздік алған уақыттарда жас мемлекетіміз тыңнан түрен салғандай барлығын да жаңадан бастады. Алғаш Интерполдық құрылымды құру оңайға соқпады. Шет мемлекеттермен келісім жүргізу қиынға соққан кездер де болды. Ол кезде мен Интерпол басшысының орынбасары едім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл құрылымға жаңадан тапсырмалар жүктеді. Қазіргі біздің Интерпол сол кездегі біздің ең алғаш қалаған іргетасымыз болатын.
– Содан кейін қандай қызметтер атқардыңыз?
– 2001-2010 жылдары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің ішкі істер министрлері бас қосып, Мәскеу қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы ТМД елдерінің бөлімі ашылды. Сол бөлімнің басшысының орынбасары болып 10 жылға таяу уақыт жұмыс істедік. Қазір Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Қырғызстан жеріндегі өкілетті өкілімін.
– Отбасыңыз туралы не айтасыз?
– Құдай қосқан жарым – Галина Алексейқызымен түті-німізді түзу шығарып, екі бала тәрбиелеп өсірдік. Галинаның туған жері Рудный қаласы. Ұлым Данияр Алматыдағы қазақ-фин кәсіпорнының бас директоры. Қызым Динара Мәскеу мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық журналистика мамандығы бойынша оқып жатыр.
– Нәке, әңгімеміздің түйінін мынадай әзіл сауалмен қорытындыласақ деп отырмын. Генерал болу қиын ба?
– Кез келген жауынгер генерал болуды армандайды ғой. Несіне жасырайын, менде де сондай арман болды. Мен арманыма жеткен адаммын. Бірақ, арман шіркін, орындал-ған сайын оған тоймайсың ғой. Бұл пенде болғандығымыздың бір белгісі. Әрине, барлық атақ-даңқ, бедел-абырой оңай келмейді. Сол сияқты генералдық шен де қиындықпен, еңбекқорлықпен келетіні анық.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет.
Әңгімелескен
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
СУРЕТТЕ: генерал-майор Наил Ғалымжанов.
Суретті түсірген
Бағдат Ахметбеков.