Аманқарағайға газ келді
Бүгінде облысымызда газ мәселесі жолға қойылып, көгілдір отынның қызығын ауылдағы ағайын да көре бастады. Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімдігі мен “Қазмұнайгаз” және “Қазтрансгаз” акционерлік қоғамдарымен жүргізілген меморандумның арқасында өңірде жалпы сомасы 13 млрд теңгеге газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ел тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Аманқарағай жұртшылығына да лайықты тарту жасалды. “Қазтрансгаз” АҚ-ның Қостанай өндірістік филиалы мен “Газстрой” ЖШС-нің Орал қаласының “ЛАЙГЭ” ЖШС-мен бірлесіп атқарған игілікті жұмыстарының арқасында бұл елді мекенге газ тартылып, ауылдағы ағайын өркениеттің игілігіне қол жеткізуде. Сөз жоқ, бұл көптен күткен қуанышты жағдай.
Газ беруге және газ алауын жағуға байланысты өткен салтанатты шарада алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамедов аудан, ауыл тұрғындарын облыс әкімінің атынан Тәуелсіздік күні мерекесімен және бүгінгі игілікті істің атқарылуы сәтімен құттықтады.
-Тәуелсіз өркендеген және мықты мемлекет құру үшін біздің халқымыз қиын жолдан өтті. Бүгінде әлем жұртшылығы Қазақстанды тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы даму көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұрған елдің бірі ретінде таниды. Және бұл жетістік қазақстандықтарды жұмылдыра отырып, азаматтардың дамуы мен әл-ауқатын арттыруға жағдай жасай білген Елбасымыздың есіл еңбегі. Президентіміз жыл сайынғы Жолдауларында халықтың тұрмысын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру, олардың түйінді әлеуметтік мәселелерін шешуге үлкен көңіл бөліп отырады. Биылғы жылы халықтың әл-ауқатын көтеру үшін бес әлеуметтік бастама ұсынды. Соның бірі – ауылдарды газбен қамтамасыз ету. Елде қолданылып жүрген жоғары технологиялар, тұрғызылып жатқан қазіргі заманғы инфрақұрылымдық нысандар, газдандырудың жоғары қарқынымен тікелей байланысты. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облысымызда бірқатар объектілер іске қосылуда. Аманқарағай елді мекеніне газдың қосылуы соның бір жарқын көрінісі. Баршаңызды бүгінгі қуанышты күнмен және Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Егемен еліміздің болашағы жарқын, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Ғауез Торсанұлы.
Мұнан соң ауданның құрметті азаматы Әкімбек қажы Қабденұлы мен Аманқарағай ауылының тұрғыны Людмила Ивановна да аудан, ауыл тұрғындары атынан Елбасыға, жергілікті билік өкілдеріне ақжарма алғыстарын жаудырды.
Салтанатты шарадан соң көгілдір отынды беру үшін құрылғыны іске қосқан облыс әкімінің орынбасары Ғ.Нұрмұхамедов газ құбырының жұмысын өз көзімен көрмек болып Аманқарағай ауылындағы Гусеевтердің шаңырағына бас сұқты. Құр қол келмей облыс әкімдігі атынан теледидар тарту етті. Ал, “Қазтрансгазаймақ” мекемесінің басшысы отбасыға газплита сыйлады.
-Бүгінгі күн біз үшін ең қуанышты әрі тарихи күн. Осыдан екі-үш жыл бұрын “ауданға газ тартылады” дегенді естігенде аса сенімсіздік танытықанымыз да рас әрі бұлай тез шешіледі деп ойлаған да жоқпыз. Міне, сол арман орындалып, көгілдір отынға қолжеткізіп жатырмыз. Бүкіл халық риза. Сайып келгенде, осының бәрі Елбасымыздың арқасы. Жұмысты дер кезінде аяқтаған жергілікті билік пен мердігерлерге де айтар алғысымыз шексіз. Сыйлық сыйлап көңілімізді одан сайын көтеріп, қуанышымызды еселеп жатсыздар, бұл үшін де зор алғыс білдіреміз. Енді ауыл халқының тұрмысы көп жеңілдейді деп ойлаймын, себебі от жағып, отын сатып алу да оңай шаруа емес. Оның үстіне біздің өңірдің қысы қандай десеңізші. Бұл біздің көп жылғы арманымыз еді, – дейді отағасы Евгений Гусеев.
Сегіз мыңға жуық тұрғыны бар Аманқарағай ауылында бүгінде екі мыңнан астам үй түтін түтетіп отыр. Қазіргі таңда соның 50-іне газ берілді. Қалғандары да көгілдір отынды қостыруға белсенділік танытуда, осы күні 220 отбасы тапсырыс берген көрінеді. Елбасы тапсырмасы аясында өңірлерді газдандыру жұмыстары келер жылы аудан орталығы мен Құсмұрын және Чернигов ауылдарында жалғасын табады.
Қарлығаш ОСПАНОВА