ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бастамасымен «В корпусындағы» мемлекеттік қызметшілерге арналған «Сыбайлас жемқорлық – қоғамға қауіп төндіретін құқықтық-әлеуметтік құбылыс» атты семинар өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырған. Академия өкілдерінің айтуынша, аталмыш шара мемлекеттік қызметшілердің антикоррупциялық мәдениетін қалыптастыру және тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында өткізіліп отыр. Шараға облыс аудандарынан келген 50 шақты мемлекеттік қызметші қатысты. Олардың дені мемлекеттік кіріс саласының мамандары. Тыңдаушыларға Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімов пен заң ғылымдарының кандидаты Рашит Нұрмағамбетов дәріс оқыды. С.Мүксімов айтуынша, бүгінде жең ұшынан жалғасып, сыбайлас жемқорлық әрекетіне барғаны үшін 11 мың мемлекеттік қызметші түрмеде отыр. Сондықтан жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресу тиімді. Биыл жыл басынан бері облыста мемлекеттік қызмет саласы бойынша 600-ге жуық тексеріс жүргізіліп, 100 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Мұның ішінде бизнес процесстерін тежеу, мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімін кешіктіру сияқты жемқорлыққа термелейтін жәйттер жиі кездеседі. Қазір мемлекеттік органдарда кездесетін көрсету мерзімін созбаққа салу, азаматтардың өтінішіне құлақ аспау сияқты кез-келген бюрократиялық әдіс-тәсілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа қайшы әрекет болып бағаланады. Яғни, мемлекеттік қызметші алдына келген адамның құжат қағазына негізсіз қол қоймай, әуіреге салатын болса, бұл жемқорлық әрекет деп танылады. Бүгінде облыста сыбайлас жемқорлық 60%-ке төмендеген. Бұл департаменттің, жүйелі түрде жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мониторингі негізінде жүзеге асып отыр.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетіктері талқыланып, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия туралы түсінік берілді. Департамент басшысы дәріс барысында тек теориялық мәселелерге ғана байланып қалмай, өмірден алынған нақты мысалдарға тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алды алу, ескерту мақсатындағы бейнематериалдар көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің этика сақтау мәселелері жөнінде ой қозғады.
Ғалым-заңгер Рашит Нұрмағамбетов жемқорлыққа қарсы саясаттың халықаралық тәжірибелерінен мысал келтіріп, елімізде аталған салада болып жатқан реформалардың оң нәтиже бере бастағанын тілге тиек етті. – Аталмыш семинар мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Басты міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибе тарихы мен кейінгі 3 жыл ішінде осы бағытта қол жеткен табыстар туралы әңгімелей отырып, тыңдаушылардың коррупцияға қарсы күрес стратегиясына қатысты түсінігін кеңейтіп, білімін жетілдіру. Өйткені мұнда отырған әр тыңдаушы осы стратегияны тікелей жүзеге асырушы мемлекет пен билік өкілі болып табылады, – дейді Р. Нұрмағамбетов.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен іскерлік ойындар мен тренингтер ұйымдастырылды. Тыңдаушылар оқытушылар даярлап әкелген жағдаяттық-рөлдік ойындарға қатысып, берілген тапсырма бойынша жемқорлыққа әкелетін нақты жағдайдан шығу жолдарын қарастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған мұндай семинар-тренингтер келесі жылы да жалғасады.
Нұрқанат Құлабаев