Туристік форум өтті
Қостанайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар және жастар ұйымдарының қауымдастығы, "BEST.kz" Білім және туризм орталығының қолдауымен жастар туризмін дамыту мақсатында «Менің Отаным – Қазақстан» атты форум өтті.
Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, саяхат ұйымдастыру және ішкі туризмнің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы туризмнің жаһандық этикалық кодексі негізінде оқушы жастардың жеке басын қалыптастыру және дамыту мақсат еткен ауқымды іс-шараға облыс қалалары мен аудандарынан 20-ға жуық команда қатысты.
Конкурстық бағдарлама туристік техниканың дағдылары мен негіздерін алу, жергілікті жерге бағдарлау, қауіпсіздік шараларын оқыту және саяхаттар мен туристік жорықтарды өткізу кезінде шұғыл көмек көрсету сынды кезеңдерден тұрды.
Үй тапсырмасы бойынша" Көрікті туристік слайд " зерттеу жұмысында Наурызым мемлекеттік табиғи қорығын зерттеген Наурызым ауданының командасы бірінші орынды иеленсе, Рудныйдың «Горняк» командасы 1919 жылы Қызыл партизандарды атқан жерге орнатылған ескерткіш туралы тың ақпарат беріп, екінші орынды еншіледі. «Косьма және Дамиана» ғибадатханасының таныстырылымымен Меңдіқара ауданының «Азимут» командасы үшінші орынды жеңіп алды.
Екінші кезеңде «Туристік ән» және «Отан туралы ән» аталымдары бойынша бірінші орынды «Тайфун» әскери-патриоттық клубы, екінші орынды Лисаков қаласының командасы, үшінші орынды Қостанай қаласының «Саяхат» командасы еншіледі.
Сайыстың қорытынды кезеңінде командалар туристік – «қалалық аңыздар» квестіне қатысты. Туризм техникасы мен тактикасы, туған өлкенің тарихын көрсеткен «Тайфун» ӘПК командасы жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Науырзым табиғи қорығына экскурсияға бару үшін 30 адамға арнайы сертификаттар берілді. Екінші орынды Рудный қаласының «Горняк» командасы алды. Оларға түйе фермасына саяхаттауға жолдама ұсынылды. Үшінші орынға ие болған Меңдіқара ауданының «Азимут» командасы «Сен білмеген Қостанай» экскурсиялық маршрутының сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, барлық командалар естелік сыйлықтар табысталды.
Әсел Қибаш