Жарқын тарих – жарқын тұлға!
Тұңғыш Президент күні Арқалық қаласында да сән-салтанатпен аталып өтті. Мерекеге орай қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер театрында ресми жиын өтіп, еліміздің Әнұраны асқақтады.
Қала әкімі Эльдар Күзенбаев жиналған жұртшылықты ел өміріндегі жарқын мерекемен құттықтады.
– Қазақстан тұрақтылық пен келісім ұялаған ел ретінде барша әлемге танылды. Мұның бәрі – еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор еңбегінің арқасы. Бұл мереке Елбасымыздың бастауымен жүзеге асып жатқан мемлекет саясатына қолдау көрсетіп, ел игілігі үшін жасалып жатқан бастамалар мен жобаларды іске асыруда дайын екенімізді көрсетуге барлығы мүмкіндік береді. Тәуелсіз еліміздің тарихы көрсеткендей , Президент белгілеген жоспарлар мен іске асырылған бағдарламалар экономикамыздың қарыштап дамуына, ел бірлігінің нығаюына негіз болып келеді, – деді қала басшысы Эльдар Қонысбайұлы.
Қала әкімінің құттықтауы әдеттегідей мерекелік марапаттауларға ұласты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы Жарлығы бойынша «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен «Нұр Отан» партиясы Арқалық қалалық филиалының сектор меңгерушісі Жәмила Өтеген мен «Сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Екатерина Деменина марапатталды.
Қазақстан Республиксаның Тұңғыш Президенті күніне орай және жемісті еңбегі үшін жеке кәсіпкер Сағидолла Аяпов пен «Қазақстан алюминиі» АҚ филиалы Торғай боксит кен басқармысының учаске басшысы Бауыржан Тілешов облыс әкімінің грамотасымен марапатталды. Қала әкімі атынан еңбек озаттары да мерекелік сый-құрметке кенелді.
Мерекелік шараның концерттік бөлігінде «Қазына» халықтық ардагерлер хоры, «Ақбота» халықтық би ансамбльдері және өзге де өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы.