Еңбек қылмай ер оңбас…
Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл толуын мерекелеу шеңберінде «Еңбек Даңқы кітабы» эстафетасын табыс ету Денисов ауданында салтанатты түрде өтті. Бұған дейін игі іс-шара Жітіқара ауданында болып, олар денисовтықтарға табасы еткен-ді.
Жобаның мақсаты – еңбек адамдарының ерен еңбегін келер ұрпаққа паш ету, жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу, өз Отанының өткен, қазіргі және болашақ құндылықтарына саналы қарым-қатынас тұрғысынан құрметпен қарау, аға буын өкілдерін, еңбек ардагерлерін сыйлау сезімін қалыптастырады.
Іс-шараға Қостанай облысы мемлекеттік архив директоры Валерий Вишниченко, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Аққожина, Лисаковск қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Найденов, Денисов ауданы әкімінің орынбасары Гүлбану Қонақова және еңбек ардагерлері, кәсіпорын басшылары қатысып, «Еңбек Даңқы кітабын» Лисаков қаласына жөнелтті.Денисов ауданынан үш Кеңес Одағының Батыры, он бір Социалистік Еңбек Ері, бір Мемлекеттік сыйлық иегері, отыз алты Ленин орденін кеудесіне таққан еңбек адамы шыққан. Бұл атақ-даңққа кенелген жандардың есімдері «Еңбек Даңқы Кітабына» жазылып, тарихта мәңгі қалмақ.
– Бұл жобаның іске асуына облыстық ішкі саясат басқармасы мен мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі мұрындық болды. Былтыр Жеңістің 70 жылдығына байланысты дәл осындай жоба мәресіне жеткен. Биыл өңірдің 80 жылдығына орай «Еңбек Даңқы кітабы» эстафетасы ұйымдастырылып, әр қала, аудандарды аралауда,– деп Бибігүл Аққожина одан әрі игі шараның мәні мен мазмұнына тоқталды.
Ал, эстафетаны қабылдап алған Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Найденов денисовтықтарға алғысын айтып, салтанатты өткен шара дәл осы кейпін өзгертпей, өз шаһарында жалғасын табатынын жеткізді.
Денисов ауданында өткен игі шараның өне бойынан «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас» деген аталы сөздің лебі сезіліп тұрды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.