ТЫЛСЫМҒА ТОЛЫ ТОРҒАЙ ЖЕРІ туристік аймақ бола ала ма?
Елімізде туризм саласы мүлдем дамымаған деп айту дұрыс болмас. Бар. Бірақ әле де болса дұрыс жолға қойылмаған. Ал шет елге деген сұраныс әлдеқайда жоғары екені белгілі. Неліктен ішкі туризмді дамытпасқа. Бұл орайда ішкі туризмнің болашағы қандай болмақ. Жақында ғана Торғайдың тумасы Амандық Әмірхамзин “Тылсым Торғайға тур” жобасын қолға алып, Торғай жеріне саяхатты бастады. Бұл бұрын соңды болмаған жаңа, тың бастама. Әркім әрқалай қабылдап жатыр. Торғай жеріне деген қызығушылық бар деседі компания басшысы. Тың бастама жайында, жалпы туризм жайында сұхбаттасудың орайы келген еді.
–Амандық аға, расымен қолда бар алтынның қадірі жоқ. Туған жердің байлығын көрмейміз бе, әлде туризмге сенбейміз бе осы сала бізде жоқ. Сіздің бастамаңызды естігенде шынын айту керек таң қалдым. Қандай батылдық. Көзді жұмып қойып, қайтарымы бар ма, жоқ па демей сеніп, қаражат салып кірісіп кеткенсіз. Қайдан келді бұл батылдық.
–Жалпы өзім бұрыннан туризм саласына қызығатынмын. Гуманитарлық сала маманы болсам да тыңнан, жаңашыл дүниелерге бүйрегім тартып тұратын әдетім бар. Бір кездері индустрия және технология министрлігінде қызмет еттім. Сонда жүріп, соңғы үш жылда ішкі туризм жайында біраз зерттеулер жүргізген едік. Осы зерттеулердің маған ашқан жаңалығы аз болмады. Жалпы Қазақстанның ішкі туризімін дамыту жөнінде шеберлік кластары болды. Сонда біраз өлкелердің туризмді дамыту жұмысына қатыстым. Сол кезде неліктен бізде, Қостанай облысында ішкі туризмді дамыту жоқ деген ой келді. Оның үстіне қазіргі дағдарысқа байланысты сыртқа туристердің шығуы 60-70 пайызға төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Енді адамдар ішкі ішкі туризмге қызығушылық танытып, ойлана бастады. Осы жолы “Тылсым Торғайға Тур” деген атаумен жоба ойлап таптым. Неліктен десеңіз, Қостанай облысының 50 пайызы аумағын алып жатқан осы Торғай жері. Бұл өңірдің туристерге ұсынатыны өте көп. Саяхат кешенді түрде жүзеге асады. Бірінші, мәдени-тарихи құндылықтар. Арқалық қаласындағы дала-өлкесі мұражайының экспонаттары мол, бай. Көруге тұрарлық, көрсетері бар. Осы сынды бұл жақта 8 музей бар. Аманкелдіде, Жанкелдинде. Оның сыртында Көкалат ауылындағы мұражай да тамаша. Осының бәрі де көрсетуге тұрарлық. Ахмет, Міржақып, Шақшақ Жәнібек, Құтан әулие сияқты тұлғалар туған өлке сырға тұнып тұр. Оларды көбірек насихаттап, дәріптеу қажет. Туристерді біз осылай тарта аламыз деп ойлаймын. Атағы шет елге тарап жатқан Торғай геоглифтарының өзі неге тұрады.
–Бүгінде Торғай геоглифтарына деген қызығушылық артты. Олар туралы арнайы фильм де түсіріліп жатқаны бар. Әрине, тылсым дүние. Бірақ оны қалай көрсетпек ойларыңыз бар.
–Біздегі геоглифтардың қатары 300-ге таяу. Оңтүстік аудандарда олар шашыраңқы орналасқан. Бұл жерде туындайтын проблема оларды көру қиын. Бірін жоғарыдан қарау керек дегендей. Қазір Дмитрий Деймен тұрақты байланыстамыз. Сол кісімен ойласа, ақылдаса келе біз туристерге “Үштоғай төртбұрышы” ең қолайлы, ыңғайлысы деп шештік. Ондағы 101 геоглифтарды өз көзімізбен көре аламыз.
–Тылсымға толы таңбалар жайында айтылып жатыр. Бірақ шынын айту керек арнайы басына барып жатқанымыз жоқ. Қандай қасиеті бар екен?
–Бұл, біріншіден, әлемде кездесетін сирек құбылыс. Мұндай геоглиф біздің елімізде және Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде ғана бар. Наска деп аталады. Осындай дүниені неліктен өзгелердің назарына ұсынбасқа. Саяхат барысында осы “Үштоғай төртбұрышына” әдейілеп бардық. Турдың жоспарында бар болатын. Алған әсеріміз ерекше. Жоғары биіктікте орналасқан. Осы араға барғанымызда компастың тілдері істемей қалды. Осы жерде бас аяғы жарты сағат болдық. Сол жарты сағаттың ұзаққа созылғаны соншалық жарты күн болғандай әсер алдық. Бұл ежелгі адамдардың көші кезінде тоқтап тұратын немесе бақылайтын жері болы ма екен деп топшылаймын. Әйтеуір әсері ерекше. Кезінде жергілікті тұрғындар сол жерден қылыш тауып алған екен. Әлгі қылышты ешқандай да тот баспаған деседі. Кейін “үш әріптің” адамдары соңына түсіп, ақыры қылышты тапсыртыпты дейді. Шын мәнісінде жұмбағы көп, ерекше аурасы бар. Геоглифтерге жетудің өзі қорқынышты болды. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы көмек берді. Трактормен жеттік. Мұның өзі бір қызық.
–Осы турға қызығушылық жағы қалай болып жатыр. Өзіңіз айтып кеттіңіз бірінші саяхат болды деп. Енді екіншісі қашан, қалай болмақ. Осы бастаманың өміршеңдігіне деген сенім қалай?
–Алғашында турды ойлап тапқан кезде белгілі бір тәуекелге бел будық. Шығын бар, адамдарды тартамыз, жанама шығын бар дегендей. Бірінші тур жоспардағыдан да сәтті өтті. Бес турист апардық. Бесеуі де Қостанай облысының адамдары емес. Бес күн қондық. Танысу турының өзінен сұраныс барын байқадық. Жаппай қызығушылық тудырады, барлығы бірдей Торғайға ағылады деп айта алмаймын. Себебі жолдың қашықтығы бар, оның сапасы да сын көтермейді. Есесіне экстрималды тур. Кешенді түрде сұранысты қамти алатындай болдық. Құмкешу құмдарын көрсеттік. Осы жер шыны керек Дубайдан кем емес. “Алтын дала” резерватының үш учаскесі ұсынылды. Осылардың ішінде бізге қолайлысы “Ұлы жылан” учаскесі болды. Осы алғашқы турда мамыр айы болғандықтан киіктер төлдеген кезде бармадық. Енді алда барамыз деп отырмыз. Торғай геоглифтерін көру, өңірдің аң-құстарын, сирек кездесетін өсімдіктерімен таныстыру. Торғай жерінің өзі ерекше, әр жиырма шақырымның айырмашылығы бар. Қызғалдақтың сирек кездесетін түрлері бар. Бұл бір жағынан этнотуризм. Салт дәстүрді көрсетудің өзі бір әңгіме. Кілем тоқу салты әлі сақталған. Араб кілем басқа жерлерде ұмыт бола бастады. Туристерге киіз үй құрып, балық аулау, аңға шығу, атқа міну, қымыз, шұбат ішіп, арқаны кеңге салып демалуға жол ашамыз. Барлық бағдарламаны ұсынамыз.
–Бұл бір адамның қолынан келетін іс емес. Командада қанша адам бар?
– Өзім туризм саласының біразын игерген едім. Бірақ жаяудың шаңы шықпайды. Бір адамның қолынан келмейтін болған соң тетелес екі інімді тарттым. Ауылда шаруашылығы бар. Олар өздері дала аңдарынан мини-зообақ істеген еді. Дала қабанын қолға үйретіп, түрлі Торғай даласының аңдарынан жабайы зообақ істеп қойыпты. Тағы бір інімнің мамандығы осы туризм саласына қатысты. Мен неліктен ылғи ішкі туризмді айтамын? Бұл бір жағынан адамдарды қосымша жұмысқа тартудың көзі. Олар барған соң қымыз, май сатып алады. Бұл да табыстың бір жолы емес пе. Бірінші бастама болған соң барлық туыстарым көмектесті, оларға да қызық болды ғой деймін. Ендігі тур шілде айында.
–Кедергілер болды ма?
–Жол қиындығы кедергі келтіретінін айтпай кетпеске болмас.
– Бастаманы қолдап жатқандар бар ма? Мысалы, Науырзым қорығы атағы алысқа шыққан. Бірақ осы жерде туристік аймақ қыламыз деп айтып келе жатқалы қашан. Бірақ нақты қолға алынып жатқаны жоқ. Неліктен қолға алынбайды?
–Өзім Торғай жерін жақсы білсем де, Наурызым қорығын алғаш көрдім. Қалың құмның арасында осынша орманның болуы керемет дүние. Орманы да, бұлағы да, аңы да, балығы да бар. Бірақ шынымен кенже қалып отыр. Ішкі туризмге шынымен өз деңгейінде мән берілмей отыр. Мүмкін қолға алып, шындап кіріссе дамытуға болар. Ал менің жобама қызғушылық танытып жатқандар бар. Қостанай облыстық кәсіпкерлік басқармасы да қызығушылық білдіріп, меморандум жасайық деп жатыр. “ЭКСПО 17” компаниясы бізге хабарласып, жоспарларын білдіріп отыр. Өз басым жылына бір рет шет елге, екі рет ішкі туризммен шығамын. Біздің туризм мен шет елдің туризмнің айырмасы жер мен көктей. Көбісі бізде инфрастурктура жоқ, жол жаман деп жатады. Негізі турстер үшін мұның бәрі керек емес. Қазір адамдар керісінше экстримге құмар. Мысалы, былтырғы жылы атақты актер Леонардо ди Каприо бәленбай мың АҚШ долларын төлеп, Моңғолия жерінде демалған еді. Бұл экстрим емей немене?! Ал бізге 5 күнге бір адам 55 мың төлейді.
–Ішкі туризмнің сыртқыға қарағанда бағасы қымбат дейтіндер көп. Неліктен бізде шарықтаған баға?
–Себебі бізде бірізділік жоқ. Екі-үш ай ғана туристерді қабылдайды да, қалған уақытта бос отырады. Қалған айдың бағасын осымен жапқылары келеді. Осыдан барып бағасы қымбат болады. Қыс мезгілінде де өзгеше бірдеңе ойлап табуға болады. Әлемде қаншама адам қарды көрмейді. Олар үшін бізде бар дүние таңсық. Тек ұсына білсек болғаны. Біздің де олардан көретініміз кәдімгі күнделікті өмірдің ағымы ғой.
–Бұл жеке жоба. Бірақ елге де пайдасы бар. Мемлекет тарапынан қолдау болса қай жағынан керек дер едіңіз?
–Осы жобаны бастау үшін ешкімнен ештеңе сұраған емеспіз. Әрине қолдау болып жатса бас тартпас едік. Бізге темпинг керек. Тоқтап тыныстайтын жерлер болса. Киіз үйлер көбірек керек. Киіз үйлер қалашығы болса деймін. Аң, балық шаруашылығын дамыта түсуге қолдау керек. Ресейден келгісі келетіндер бар. Венгрия елінің елшілігі хабарласты. Қызығып отыр. Енді осы ретте алыстан келетін туристер үшін адам аяғы баспаған жерлерді, қызықты дүниелерді көрсеткіміз келеді. Біз үшін күнделікті дүниелер өзгелерге қызық, біреулерге ыстық та болады. Елге барғысы келетіндер бар. Туыстарымыз жоқ еді, елге барсам дейтіндер аз емес. Ең бастысы бұл бастама ел үшін керек. Халыққа да пайдасы бар. Осыны дамыта алсақ. Қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, халықты қызмет көрсетуге үйретсек жаман болмас еді.
–Әңгімеңізге рахмет, тың бастамалар, сәттілік тілеймін!
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.