Әкім Конституция күнімен құттықтады
Бүгін облыс әкімі Н.Садуақасов облыстық филармония залында өткен салтанатты жиналыста қостанайлықтарды Конституция күнімен құттықтады.
Әкім Ата заңымыздың мән-маңызына, қадір-қасиетіне тоқталды, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан игі істерді де тілге тиек етті.
-Мемлекетіміз тәуелсіздік алған сәттен бастап адам және оның құқығын жоғары қойды. Ата Заңымыз – ең үлкен тарихи жетістігіміз, ол еліміздің бірлігін нығайтып, толағай табыстарға жол ашты. Сондықтан, егемен еліміздің барлық жетістіктері – бұл Конституцияның және соның негізінде қабылданған заңнаманың іс-әрекетінің нақты жемісі. Ата Заң – біздің барлық құқықтық мәдениетіміздің қайнар көзі, асыл қазынамыз. Сондықтан, оны ардақтау еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін, – облыс әкімі Н.Садуақасов.
Салтанатты жиын барысында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, шара соңы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қарлығаш ОСПАНОВА