Тасқынға тосқауыл
Қостанай облысында "Көктем-2018" республикалық командалық-штабтық жаттығу жұмыстары басталды. Құтқарушылардың су тасқынына қарсы дайындығын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пысықтап қайтты.Жылдағы әдет бойынша техника Тобыл бойына тізіліп тұр. Мұнда төтенше жағдай бола қалса, керектінін бәрі бар. Негізгі басымдық зардап шеккендерге дереу көмектесуге және оларды қауіпсіз аймаққа көшіруге бағытталған. Әуелі, құтқару бөлімдері, инженерлік құрам, апаттық-техникалық бөлімшелер, сосын медициналық қызмет көрсету және коммуникацияны қалыптастыру мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері тас-түйін дайын тұру керек.
-Жаттығу жұмыстары екі күнге созылады. Біз бүгін қалалар мен аудандарға барып, тәжірибеден өтеміз. Дәл қазір 75 техника, 200 адам әзір тұр,-дейді облыстық ТЖД басшысы Талғат Кәкімов.
Құтқарушылар жаттығуды Тобыл өзенінің бойындағы Дружба ауылынан бастамақ, бұл қала маңындағы қауіпті аймақтардың бірі. Сосын Әулиекөл ауылына барады. -Былтыр Әулиекөлді қарғын су басып кеткенін жақсы білесіздер. Сондықтан, барлық күшті сол жаққа саламыз және жаттығуды да сонда өткіземіз. Ең бастысы, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру. Ол үшін облыс бойынша 132 ғимарат дайын. Қазір облыс көлемінде 97 елді мекенге қауіп төніп тұр, бұл жерлерде бас-аяғы 8000 мың адам тұрады. Облыс бойынша 829 техника бар, оның бәрі сақадай сай,-дейді Т.Кәкімов.
Өңір басшысы барлық қызмет түрін жіті қадағалап, жеке-жеке тапсырма берді. Сондай-ақ, азық-түлікке назар аударды.
-Бұл мәселені сақтандыру қорымен бірлесіп шешіңдер, кез келген уақытта дайын болу керек. Ауылды жерлерде осындай уақтта азық-түлік бағасы қымбаттап кетуі мүмкін. Сондай-ақ, сақтау мерзіміне көңіл бөліңдер,-деді облыс әкімі.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.